МТРА жаңалықтары

Тимирязев ауданында 15 әлеуметтік нысан жөнделіп жатыр

Облыс әкімі Тимирязев ауданына іс сапары барысында әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарымен де танысты. Биыл мұнда 15 ғимарат қалыпқа келтіріліп жатыр екен. Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 401 млн теңге бөлінген.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Дружба елді мекеніндегі клуб қалыпқа келтіріліп жатыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша жергілікті мәдениет ошағы да көпбейінді нысанға айналмақ. Қазірдің өзінде мұнда жаттығу құралдары сатып алынған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Ауылды жерлердегі мәдениет үйлері тек жиындар мен мерекелік шаралар болғанда ғана ашылады. Ал біз оның жыл бойы жұмыс істеуіне қомақты қаражат бөлеміз. Сондықтан, нысан келушілерін тәулік бойы қабылдауы керек. Спортпен айналысқанды жаны сүйетін тұрғындарға клуб, одан қалды түрлі үйірмелер ашып, барлық жағдайды жасау керек.

Дружба елді мекеніндегі клубты жөндеу үшін 11,6 млн теңге бағытталған. Мердігер компания жұмыстарды осы айдың соңында аяқтауды жоспарлап отыр. Тағы жергілікті шаруа қожалығы медициналық пунктің құрылысын бастап, жақында аяқтамақ. Жоба құны 12 жарым млн теңгені құрайды. Сондай-ақ, биыл Тимирязев ауданында «Еңбек» бағдарламасы аясында 45 баспана салыну жоспарланған болатын. Бүгінде 24-нің құрылысы аяқталды. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов елдің оңтүстік аймақтарынан көшіп келген отбасы мүшелерімен де тілдесті. Дәурен Жақсыбаев Тараздан қоныс аударған екен.

ДӘУРЕН ЖАҚСЫБАЕВ, ТИМИРЯЗЕВ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

– Былтыр желтоқсан айында көшіп келдім. Биыл отбасымызда тағы бір бала туды. Жанұямызда 3 балам бар. Жақсы қарсы алды. Жазда үй берді. Жұмыс бар.

Орынбек Төлепберген әкесі Нұрлыбек Рысқұлов Түркістан облысынан қоныс аударған. Әуелде Шымкентте бастаған ортақ істері – «Ырыс Нұр» серіктестігін де осында жандандырған. Қазір құрылыс саласында еңбек етуде. Олар елді мекенде жаңа үйлер салған. Баспаналарға оңтүстік аймақтардан 15 жанұяны көшірген. Биыл азаматтар ескі мектепті сатып алды. Онда балабақша ашып, бүлдіршіндерді қабылдауға ниетті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Балабақшаларда ясельный топтар да ашылуы қажет. 0-ден 6 жасқа дейін балаларды балабақшамен қамтуымыз керек. Бастамаларыңыз жақсы. Осындай жеке меншік нысандар керек бізге.

Тимирязев ауданының орталығында жабық хоккей қорабы да салынып жатыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 91 млн теңге бөлінді. Облыс әкімі мұнда футбол алаңын тұрғызу керектігін де айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Статискаға сүйенсек, спортшылардың 70 пайызы ауылдан шығады. Сондықтан, елді мекендерде спорттық кешен салу қажет. Ішінде киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері болуы тиіс.

Елді мекендерде бизнес те қарқынды дамып келеді. Ауыл тұрғыны Галина Воробьева былтыр дәмхананың құрылысын бастапты. Жоспар бойынша қоғамдық тамақтану орны биыл ашылмақ. Ал жақында жеке кәсіпкер су жаңа қонақ үй тұрғызған. Нысанда жасалған жағдай тиісті талаптарға сай.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Осындай қонақ үйлер қажет. Облысымызға жұмыс сапарымен өзге өңірлерден, шет елдерден адамдар келеді. Оларға жағдай жасауымыз керек. Бастамаңызды қолдаймын.

Жеке кәсіпкер жыл сайын мемлекеттік бағдарламаларды да тиімді қолданып келеді. Нәтижесінде бизнесі кеңге қанат жаюда. Бизнесвумен елді мекенді абаттандыруға да үлесін қосуда.

Маржан Касымбек