Спорт

Петропавлдық боксшы кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін өткізді

Петропавлдық боксшы кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін өткізіп, жезқазғандық қарсыласын жеңді. Жерлесіміз Мұрат Тұрманбетов 64 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген. Шаршы алаң шеберлері бақ сынасқан дода  тамыздың 23-і мен 24-і күндері Алматы қаласында ұйымдастырылды.

19 жастағы Мұрат Тұрманбетов 10 жылға жуық уақыт бұрын алғаш рет қолына былғары қолғап киді. Бастапқы кезеңде ол әуесқой боксшылардың қатарында сынға түсті. Мына кадрлар ақпан айында түсіріліпті. Мұнда жерлесіміз жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатының финалында жұдырықтасып жатыр.

Қарсыласы – ақтөбелік спортшы. Өкінішке қарай, Мұрат ұтылып, 2-ші орынды иеленді. Бұл жеңіліске жерлесіміз еңсесін түсірген жоқ, керісінше, жігерін жаныды. Жақында жас былғары қолғап шебері кіл мықтылар жиылатын кәсіпқой бокста бағын сынады. Ол 64 келі салмақ дәрежесінде жезқазғандық Темірлан Қоңырбаймен жүздесті. Кездесуде солтүстікқазақстандықтың айы оңынан туып, жеңіске жетті.

Мұрат Тұрманбетов – кәсіпқой боксшы:

– Қарсыласым мықты болды. Ол – спорт шебері. Маған дейін қаншама рет жекпе-жек өткізген. Мен оның қасында жай бала болып қалдым. Бірақ, соған қарамастан бар күшімді жинап, бойға шықтым. Жеңдім.

Жаңа кәсіпқой рингте кіл мықтылар жиналады дедік. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетейік, Алматы қаласында өткен 2 күндік бокс кешінде әуесқойлар арасында Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қонқабаев сынды үздіктер алғашқы кездесулерін өткізді. Шараның мақсаты – отандық жуан жұдырықты жігіттерді көпшілікке таныту, Геннадий Головкин, Қанат Исламдардың деңгейіне жеткізу.

Есенгелді Көкбас – облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқытушы-жаттықтырушысы:

– «TUKESHOV BOXING Promotion» мен «МТК Global» бірлесіп өткізді. Жас спортшыларды қолдап, әлемдік аренаға шығару мақсатында ұйымдастырылды.

Мұрат Тұрманбетов – қазір Петропавлда. Келесі кездесуге дайындалып жатыр. Ол қазан айында тағы да Алматы қаласында қолғап түйістірмек. Әлі қарсыласы анықталмапты.

Маржан Касымбек