Көлік және жолдар

Петропавлда 4Т автобусы жұмысын тоқтатады

15-ші қыркүйектен бастап Петропавлда жолаушы тасымалымен айналысатын 4Т автобусы жұмысын тоқтатады. Оның себебін журналистерге облыстық автокөлік одағы қауымдастығының төрайымы Галина Семенова түсіндіріп берді.

Оның сөзінше, соңғы уақытта вокзал және Новопавловка кенті арасында жүретін маршрутта қатынайтын адамдардың саны кеміпті. Яғни, түсетін табыс азайған. “Егер аталған бағыттағы дәл осы қоғамдық көлікті тоқтатпасақ, тасымалдаушы шығынға ұшырауы мүмкін”,- дейді Галина Семенова. Оның үстіне 4Т / 9-шы автобустың жүретін бағытының 70 пайызын қайталайды екен.

Галина Семенова – «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

– Бір жағынан мұның тиімді тұстары да бар. Себебі, 4Т бағытында қызмет көрсететін кәсіпкер №2 мен №14 бағыттар бойынша да жолаушы тасымалдайды. 4Т автобусы тоқтаса, оған жұмсалатын қаражат қалған екеуінің жұмысын жетілдіру үшін жұмсалмақ. Өзгеріске түсініспеншілікпен қарауды сұраймыз.