Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тимирязев ауданында болды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов  жұмыс сапарымен Тимирязев ауданында болды. Мұнда өңір жетекшісі алдымен орақ науқанының барысымен танысты. Бүгінде жергілікті диқандар ырыс дәні себілген алқаптардың жартысындағы өнімді жинап, қамбаға құйған. Кейін, аймақ басшысы тұрғындардың тұрмыс тіршілігін жақсарту бағытында атқарылатын істерді баян етті.

Тимирязев ауданында ауыл шаруашылығымен 336 кәсіпкер айналысады. Оның 51-і – жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қалған 285-і – шаруа қожалығы. Биыл жергілікті аграрийлер орақ науқанына ерте кірісті. Тимирязев ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Құмар Ақсақалов қызу шаруаның барысын қадағалады. Биыл диқандар 260 мың гектарға дәнді және майлы дақылдардың тұқымын сіңіріпті.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ – ТИМИРЯЗЕВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Егін алқаптарының 213 мың гектары дәнді дақылдарға тиесілі. Аудан бойынша гектар берекелігі 15 центнерді құрап отыр. Кей алқаптарда 40 центнерге дейін жетуде.

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігін айтты. Бұл ретте облыс басшылығы алдағы 5 жылда еңбек өнімділігін 2 жарым есеге арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2 есеге өсіруді жоспарлап отыр. Мәселен, 2019 жылы өңірде 610 млрд теңгенің өнімі саудаланды. “Бұл көрсеткішті 1 трлн теңгеге дейін жеткізу керек”,- деді Құмар Ақсақалов.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– 2017 жылы біз 91 мың тонна минералды тыңайтқыш қолдандық. Биыл 2,3 млн гектар жерге 130 мың тонна өнім сіңірдік. 2025 жылға дейін 200 мың тонна тыңайтқыш пайдалануымыз керек. Егер жерді тиімді игермесек, егін бітік шықпайды. Сондай-ақ, биыл тұқымның 9 пайызын жаңарттық. Тимирязев ауданы бойынша 14 процентін алмастырдық.

Биыл облыс бойынша 37,9 млрд теңгеге 1522 техника сатып алынды. Соңғы 3 жылдың ішінде өңірге 90 млрд теңгеге 1382 трактор мен комбайн жеткізілді. Тимирязев ауданындағы «Атамекен-Агро-Тимирязев» серіктестігінің қарамағында 37 мыңнан астам гектар жер бар. Биыл шаруашылық 29,5 мыңына дәнді және майлы дақылдар сеуіпті.

СЕРГЕЙ БЕКЕНТАЕВ – «АТАМЕКЕН-АГРО-ТИМИРЯЗЕВО» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

– Орақ науқанына ерте кірістік. 57 техника жұмылдырылды. Бүгінгі таңда егіннің 70 пайызы орылды. Алдағы 10 күннің ішінде науқанды аяқтаймыз. Орташа гектар берекелігі 20 центнерді құрайды. Шаруашылығымыз мал өсірумен де айналысады. 1700-ден астам ангус тұқымды ірі қара бар. Қосымша қора тұрғызып жатырмыз.

Алқап басында жергілікті аграрийлермен тілдескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауылдықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін алдағы уақытта көп жұмыс тындырылатынын айтты. Мәселен, келер жылы Тимирязев ауданында 10 су мұнарасы тұрғызылады. Сондай-ақ, жол мәселесі де назардан тыс қалмайды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Негізгі мәселе – су, одан кейін – жол. Жолдарды биыл бастадық. Келер жылы да жалғастырамыз. Асфальт төселіп жатыр. Бірақ, оның сапасын қадағалап, ұқыпты ұстау – сіздің құзырыңызда. Ол үшін аркалар қою қажет.

Облыс әкімі «Тимирязев-Ақсуат-Мичурино» бағытындағы жолды күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба құны 387 млн теңгеден асып отыр.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Жылда бұл жерді су басатын. Тұрғындар көп шағымданатын. Енді биыл мәселені шешу үшін қажетті қаражат бөлінді. Жол астына қосымша су өткізгіш құбырлар қойылды. Жұмыс уақытылы аяқталып, жолдың сапасы жақсы болуы керек. Жергілікті билік жөндеу жұмыстарын назардан тыс қалдырмауы тиіс.

Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Мердігер компания нысанды қазан айында тапсыруды жоспарлап отыр.