Экология

Қоғамдық көліктердің газ шығаратын жүйесі тексерілді

Өңірлік табиғат жанашырлары мен тәртіп сақшылары бірлесіп екі күндік рейд ұйымдастырды. Қыркүйектің 3-і мен 4-і күндері мамандар барлығы 22 көлікті тексеріпті. Шара барысында темір тұлпарлардың 9-ы тиісті нормаға сай болмай шықты.

Көліктен шыққан улы газ экологияға, одан әрі адам ағзасына көп зиян тиігізеді. Бұл өзекті мәселенің алдын алу үшін экология департаментінің мамандары мен тәртіп сақшылары бірлесіп рейдтік шара өткізуде. Мәселен, қыркүйектің 3-і күні мамандар қаланың «Оңтүстік» бекетіне барды. Олар мұнда әрлі-берлі өткен ауыр жүк көліктерін тоқтатып, тексеруде.

Бақытжан Тұрғынова – СҚО бойынша экология департаменті бөлімінің бас маманы:

– 10 бірлік “МАЗ”, “Камаз”, “Урал” көліктерін тексердік. Олардың 3-еуінің газ шығаратын жүйесі істен шыққаны анықталды. Яғни, ауаға улы газ таратады. Жүргізушілерге техниканы жөндету қажет екенін айттық. Немесе жаңа машина сатып алуы керек. Өйткені, көліктер ескірген.

Бұл – трассадағы жағдай. Енді халық тығыз орналасқан, қаланың ішіндегі жайтқа тоқталайық. Келесі күні мамандар соңғы аялдамаларда тұрып, қоғамдық көліктерді бақылаған. Сонда экологтар тексерген әр екінші машинаның жай-күйі тиісті талапқа сай болмай шығыпты.

Бақытжан Тұрғынова – СҚО бойынша экология департаменті бөлімінің бас маманы:

– Қыркүйектің 4-і күні 12 автобусты тексердік. Шараны 20-шы және Береке ықшам аудандарында өткіздік. Тексеру кезінде Қытайда шығарылатын көліктерден улы газ көп бөлінетіндігіне көзіміз жетті. Тіпті, жаңа әкелінген техникалардың өзі де қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіруде.

Бұл мәселеге қатысты қала тұрғындарының да айтары бар.

– Көбінесе пазиктер қара түтін бөледі. Ол автобустардың ішінен жағымсыз иіс те шығып тұрады. Оның үстіне іші тар.

 

– Қоғамдық көліктердің қанша улы газ шығаратынын білмеймін. Бірақ, жүргізушілер соңғы уақытта орнынан тез қозғалып, кенет тоқтауды шығарыпты. Осы мәселе шешілсе екен деймін.

Тәртіп сақшылары қоршаған ортаға улы газ бөлетін жүк және қоғамдық көліктердің иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салдық дейді. Жалпы, 2 күндік рейд барысында 22 техника тексеріліпті.

Бердимурат Баймухан