Қоғам

“Үйіміз сүрілмей қала ма?” деп алаңдап отырған жанұя

“Көрші үйдегілер көшіп кетті, ал біз неге қалып қойдық?” Осындай сұрақпен арна редакциясына петропавлдық ерлі-зайыпты Семенчуковтар хабарласты. Олар Уәлиханов көшесінде бой көтеріп жатқан жаңа мектептің жанында тұрады. Айтуларынша әкімдік баспананы сүріп, пәтер береміз деп, шабадандарын жинатып қойған. Алайда, кейін бұл уәдесінен айнып қалған көрінеді. Оған қоса, жақын маңдағы құрылыс жұмыстарының салдарынан ескі үй бүгінде қираудың сәл-ақ алдында тұр.

Іштегі көрініс бұдан да үрейлі. Сыздың мұрын жарар иісі мен бұрыштарда қаулаған зең былай тұрсын, еден опырылып, қабырғалар жарылып жатыр.

Вера Семенчукованың сөзінше бір-біріне қосылған қос баспананың бұлай сыр беруіне себеп – таяқ тастам жердегі жаңа мектептің құрылысы. Еске салайық, Уәлиханов көшесіндегі 900 орындық білім ұясы былтырғы қыркүйектен бері салынуда. Ғимараттың қазықтары қағылған сайын жер сілкінісін бастан өткергендей болдық дейді үй иелері. Қазықтармен бірге ескі баспана да жерге кіріп кеткен. Жергілікті әкімдік жақын маңдағы үйлерді сүреміз деп уәде берген. Ең қызығы, көршілердің бәрі көшіп, жаңа пәтер алып үлгеріпті, ал Семенчуковтар қалып қойған.

Вера Семенчукова:

– Әкімдікке барып едік, 118-ші кабинеттегі мамандар көрші үйлерді сүруде қателіктің кеткенін айтты. Біздің баспана бұзылмайды, өйткені, ол мектептің құрылысына еш кедергі келтіріп тұрған жоқ деді.

Саят Ермек – тілші:

– Сену қиын, әрине, алайда осыдан 1,5 жыл бұрын бұл жерде әп-әдемі бау-бақша мен 2 бірдей жылыжай тұрса керек. Алайда, үй иелері баспана сүріледі деп сеніп, осымен екінші жыл бұл жерге ештеңе екпей жатыр. Нәтижесінде, бұрынғы бақшаның қазіргі сиқы көңіл көншітпейді.

Бөлмелердің де астан-кестені шығып жатыр. Әне-міне жаңа пәтерге қоныстанамыз деп жүрген жанұя мүлкін жинастырып қойыпты. Сондықтан, жергілікті биліктің “сүрмейміз” деген жауабы Семенчуковтардың төбесінен жай түсіргендей болды. Қауырт маусымға қамданбаған олар енді қысты үреймен күтіп отыр. Отын-көмірін алғанның өзінде қирағалы тұрған үйдің қабырға-шатырынан жел үрлей ме деп алаңдаулы. Ал жөндейтін жағдай жоқ. Отағасының сырқаттанып қалуы қосымша соққы болып тиген. Осыдан бір ай бұрын Владимир Семенчуковтың бет-ауызы мен мойны ісініп кетіпті.

Владимир Семенчуков:

– Алдымен аллергия деді, кейін есекжем деді. Қос диагноз да расталмады. Қазір дәрігерлердің өзі не сырқат екенін анықтай алмай отыр. Күндізгі стационарға барып, ем алып жатырмын. Бақсы-балгерлерге жүгінген едік. Олар үйдегі сыз бен шаңның әсері дейді.

Ал қалалық әкімдіктегілердің сөзі басқа. Ерлі-зайыпты дұрыс түсінбеді ме, әйтеуір “баспана сүрілмейді” деген ақпаратты шенділер жоққа шығарып отыр. Сөздерінше, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Семенчуковтардың отауы тұрған аумақта болашақ мектептің спорт алаңқайы орналаспақ. Сондықтан, ол міндетті түрде бұзылады.

Ерлан Әубәкіров, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі заң секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Бүгінгі таңда мектептің аумағына 14 үй кіргізілген. Олардың бәрі, соның ішінде, Казахстанская правда, 256 мекен жайындағы баспана да сүріледі. Ол үй сүрілмей қалады деген ақпарат шындыққа жанаспайды, 1 айдың көлемінде сүріледі.

Егер бәрі жоспарға сай өрбитін болса, қытымыр қысты отбасы ескі үйде емес, жаңа пәтерде қарсы алуы тиіс. Баспана үшін ерлі-зайыптыға оның бағасына сай қаражат не аумағына сай келетін пәтер алу ұсынылады. Таңдау – үй иелерінің өздерінде.

Саят Ермек