Халық тарих толқынында

«Белгісіз солдатты іздеу» деректі фильмі түсіріліп жатыр

Алматы қаласында «Белгісіз солдатты іздеу» деректі фильмі түсіріліп жатыр. Онда Словенияда жерленген қазақстандық майдангердің өмір жолы көрсетілмек. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың сөзінше, жауынгер біздің жерлесіміз болуы мүмкін.

Ұлы Отан соғысына 100 мыңнан астам жерлесіміз аттанды. Оның 45 мыңы майдан даласынан қайтып оралмады. Бірінің қайтыс болғаны жайлы қаралы хабар келсе, ал енді бірі мүлдем із-түссіз кетті. Осы орайда айта кетейік, 1 жыл бұрын Словенияда қазақстандық жауынгердің денесі табылды деген хабар келген. Анықталғандай, сарбаз Италиямен шекаралас Дебачи қаласын азат ету кезінде көз жұмыпты.

Сергей Азимов – кинорежиссер: 

–  Бұл оқиғаның тарихы өте ерекше әрі әсерлі. Жауынгер ұрыста ауыр жарақат алған. Оны аман алып қалу үшін жанындағы адамдар жергілікті шіркеуге жасырыпты. Бірақ, азамат көз жұмған екен. Діни қызметкер майдангердің басына тас қойып, өмірінің соңына дейін молаға күтім жасапты.

Жауынгер біздің жерлесіміз болуы мүмкін. “Бұны анықтау үшін арнайы мамандар көп жұмыс атқарды”,- дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Словениялық зерттеушілердің ақпаратына сүйенсек, жауынгер партизандардың қатарында болған. Нақты деректерде оның Октябрь, қазіргі Шал ақын ауданы, Бағанаты ауылында туылғаны көрсетіледі. Осындай қарқынмен зерттеу жұмыстарын жалғастырсақ, біз бұл адамның аты-жөнін біле аламыз.

Мұндай зерттеу жұмыстары бұрын да жүргізілді. Мәселен, 10 жылға созылған іздеу кезінде солтүстікқазақстандық мамандар жергілікті майдангердің жерленген жерін анықтады.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Жеңіс күні қарсаңында біз жерлесіміз Айтым Әбдірахмановтың жерленген жерін таптық. Ол Румынияда жерленіпті.

Қазір Алматы қаласында «Белгісіз солдатты іздеу» атты деректі фильм түсіріліп жатыр екен. Кинорежиссер Сергей Азимовтың жетекшілігімен жүзеге асатын жобада Словенияда жерленген қазақстандық жауынгердің өмір жолы баяндалмақ. Сонымен қатар, жеңіс жолында із-түссіз жоғалған жандар жайлы айтылмақ.

Казиканова Алтынай