Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жолдауда жүктелген міндеттер талқыланды

Мемлекеттік қызметшілердің санын қысқартып, агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспортын 2 есеге арттыру. Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында  жолдау жүктеген міндеттер талқыланды. Актив отырысында өңір басшысы аймақта алда атқарылатын жоспарларды жіпке тізіп, жергілікті атқамінерлерге бірқатар тапсырма жүктеді.

Президент өзінің кезекті жолдауында жаңа мемлекеттік аппарат құру қажет екенін айтты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің санын 25 пайызға қысқартып, жүйені қайта іске қосуды жүктеді. Осылайша үнемделген қаражат есебінен қалған жұмысшылардың жалақысы артады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үстіміздегі жылы біз мемлекеттік қызметшілердің санын 10%-ға, яғни 274-ке қысқартуды жоспарлап отырмыз. Ал 2021 жылы олардың саны тағы да 15%-ға кемиді. Биыл жұмыстан босатылғандардың 244-і жергілікті атқарушы органдардағы бос орындарға қызметке орналастырылады. Сонымен қатар, оларды қайта оқыту мен одан әрі жұмыспен қамту мақсатында тиісті шаралар қабылдауды жоспарлап отырмыз.

Ел экономикасын дамытудағы негізгі тетіктердің бірі – бұл ауыл шаруашылығы. Ұлан-ғайыр атырап, кең даланы дәл осы бағытта пайдаланған маңызды. Әсіресе, жері құнарлы, жауын-шашыны мол солтүстік өңірін. Президент тапсырмасына сай Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 2 есеге арттыруымыз керек деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өсімдік шаруашылығы саласында соңғы жылдары көп жұмыс атқарудамыз. Егіс алқаптарын әртараптандырып, өнімді экспортқа шығару үшін бәсекеге қабілетті тауарлардың өндірісін ұлғайтудамыз. Бүгінде майлы дақылды алқаптардың көлемі 1 млн гектарға жетті, бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштар себу бойынша да біз өзге өңірлерге қарағанда алдамыз.

Жергілікті кәсіпкерлерлің де бұл саланың дамуына сіңірген еңбектері зор. Мәселен, Юрий Шоль есімді азамат былтыр жаңа зауытты іске қосқан еді. Мұнда күн сайын 100 тоннаға жуық минералды тыңайтқыш өндіріледі.

Юрий Шоль – «Прометей Агро» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Президентіміз айтқандай ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Мен бұл сөзбен толықтай келісемін. Кәсіпкерлер өз жұмысшылары мен ауыл тұрғындарына жағдай жасаулары қажет. Қазіргі күні жергілікті аграрийлермен бірге өз қаражатымызға баспаналар тұрғызып жатырмыз. Оны жұмыс күші басым аймақтардан көшіп келген азаматтар мен қызметкерлерімізге береміз.

Алқаптағы шаруаны уақытылы атқарып, жердің берген ырыздығын шашаусыз жинап алу үшін тегеурінді техника қажет. Осы орайда биыл өлкемізде 357 заманауи трактор мен 147 комбайн сатып алыныпты. Облыс басшысы жыл соңына дейін техника санын тағы арттыруды жоспарлап отырмыз дейді. Ал мал шаруашылығы бағытында 80 сүт-тауарлы ферма салу ойда бар. Өңір басшысы білім беру саласына да тоқталды. Алдағы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өспек. Ал магистр дәрежесіндегі мұғалімдер ай сайын қосымша 27 мың теңге төлем алатын болады. Денсаулық сақтау саласында да біраз жаңашылдықтар қолға алынған. Биыл өңірде пандемиямен күрес аясында оттегі өндіретін 5 бірдей станцияның құрылысы басталып кетті.

Бердимурат Баймухан