Спорт

Жолдау-2020: спорттық және шығармашылық үйірмелер көбейеді

Спорттық және шығармашылық үйірмелер саны артады. Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында  балаларға арналған түрлі ұйымдарды көптеп ашуды тапсырды. Өңірде бүгінде 2 мыңға жуық спорттық секция бар екен. Оған 35 мың жеткіншек мүшелік етеді.

Спорт – денсаулық кепілі. Болашағын жеңіл атлетикамен байланыстырған Надежда Юрченкоға бұл қағида – өмірлік ұстаным әрі арманға апарар жол. Ол жүгіруден әлем чемпионы атануды алдына мақсат етіп қойыпты. Көздегеніне қол жеткізу үшін студент қыз тынбай жаттығу жасап жүр.

Надежда Юрченко – жеңіл атлетикадан ҚР спорт шебері:

– Әпкем де спортпен айналысады. Ол 8 жыл бұрын ел чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды. Сол кезде бойымды мақтаныш сезімі кернеп, мен де спорт жолын таңдауды шештім. 2 жыл бұрын Алматыда өткен дүбірлі жарыста 1-ші орын алдым. Ендігі арманым – әлем аренасын бағындыру. Көк туымызды көк аспанда желбірету үшін бар күшімді саламын.

Өңірде Надежда секілді спорт десе, ішер асын жерге қоюға әзір жастар көп. Сөзімізге айқын дәлел, статистикаға сүйенсек, облыс аумағында 70 мың оқушы болса, оның тең жартысы спорттық ұйымдарға мүшелік етеді. Кезекті жолдауында мемлекет басшысы дене тәрбиесін де мықтап қолға алу керектігін айтты. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды деді.

Қанат Сәдуақас – өңірлік дене тәрбиесі, спорт және АӘД оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Біз жолдауда айтылған сөздерді қолдаймыз. Енді өзіміздің білім саласына келер болсақ. Жыл сайын түрлі деңгейдегі 130 жарыс өткізіліп тұрады. Оған 50 мыңнан астам оқушы қатысады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде спортық ұйымдарды көбейту керектігін айтты. Қуантарлығы, өңірде мұндай секциялар жетерлік. Саны 2 мыңға жуықтайды. Ұл-қыздардың басым бөлігі футбол, волейбол мен баскетболды таңдаса, қалғанының грек-рим мен қазақ күресіне деген қызығушылығы жоғары. Оқушылардың көбі өңір намысын абыроймен қорғап, жетістіктерге жетіп жүр.

Қанат Садуақас – СҚО білім басқармасының өңірлік дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери-даярлық оқу-әдістемелік орталығының директоры:


–  Өткен жылы облыстық құрама мектеп және колледж спортшылары арасында өткен спартакиада да 2-ші орын алды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.

Президент тағы балалар үйірмелерін дамыту қажеттігіне тоқталды. Ұл-қыздарды қолөнер мен шығармашылыққа баулитын ұйымдар саны биылдан бастап көбейтілмек.

Маржан Қасымбек