Мәдениет

Жұбан Молдағалиевтің дүниеге келгеніне – 100 жыл

Өмірінің соңына дейін ерлік пен батырлық жайлы баяндап кеткен тұлға. Қыркүйектің 5-і  ақын әрі Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбан Молдағалиевтің дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Оның бірнеше тілде жазылған 70-ке тарта кітабы бар. Мерейтойының алдында С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың ұжымы  майдангердің туындыларын баяндауға арналған онлайн шара өткізуде.

Мен қазақпын! Жұбан Молдағалиевтің бұл поэмасын естіген, оқыған әр қазақтың рухы көтеріліп, құйқа тамыры шымырлап кететініні рас. Адамға ерекше жігер беретін туындысын ақын 1964 жылы жазыпты. Бірақ, ол кезде Кеңес үкіметі болғандықтан, билікте отырған кей адамдар «ұлтшылдықты» дәріптейді деп шығарманың таралуына жол бермеген.

Нұргүл Оқашева – «Soltústik Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары:

– Міне, ұлтын шынайы пейілмен, ықыласпен, зор ниетпен сүйген Жұбан ақынның асқақ та дара шығармасы.

Енді отансүйгіштік жырларымен күллі қазақтың жүрегінен терең орын алған ақынның өмір жолына тоқталып өтсек. Ол 1920 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Жыланды жерінде дүниеге келген. Ұлы тұлға жоғарғы оқу орнын бітіре салысымен 2-ші дүние жүзілік соғысқа аттанады. Өзі секілді майдангерлермен иық тіресіп, шайқастың қақ ортасында болып көргендіктен бе ақын өлеңдерінің басым көпшілігінде ерлік пен батырлық жайлы баяндалады.

Нұргүл Оқашева – «Soltústik Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары:

– Барлық өлеңдері патриоттық тақырыпта жазылған. Халықтың мұңы мен тағдырын жырлайтын осындай шығармалары бар. Тағы көп томдық шығармалары тұр.

Жұбан Молдағалиевтің өзге де тілде жарық көрген шығармаларын қоса есептегенде 70-ке тарта кітабы бар екен. Айта кеткен жөн, 2 күннен соң ақынның дүниеге келгеніне тұп-тура 100 жыл толады. Мерейтойына орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада онлайн шаралар өткізілмек.

Маржан Касымбек