МТРА жаңалықтары

Ресейлік цирк төңірегіндегі дау

Карантиннің кесірінен өлкеден шыға алмай, қалып қойған ресейлік цирк даудың ортасында қалды. Облысқа гастрольдік сапармен келіп, табыссыз қалған труппа  бұған дейін жанашыр жерлестерімізден көмек сұраған болатын. Көмек көрсетілді, алайда жергілікті зооқорғаушылар әртіс аңдар қамалған торлар  тым тар әрі лас деп наразы. Аю мен арыстанның тар қапастағы тірлігі түсірілген видео желіде алаңдаушылық тудырды. Енді Шапито басшылығы мен жануарлар жанашырлары арасындағы кикілжің сотқа дейін жетуі мүмкін.

Анар Баймолдина:

– Арыстан менің көзімше тұрып, қайта жатты. Өйткені, алға не артқа қадам жасау мүмкіндігі болмады. Аюдың аузынан ақ көбікті байқадым. Жануарлар дүниесінен хабарым аз болса да меніңше, бұл – судың жетіспеушілігінен.

Жабайы аңдардың қамаудағы мұндай жағдайын байқап, Анар Баймолдина жылағым келді дейді. Өз көзімен көргенін нәзікжанды камераға түсіріп, инстаграмдағы парақшасына салып жіберген. Қасынған Галя есімді аю мен тар тордағы арыстан – Ляля туралы пост желідегі жерлестерді біраз шулатты.

– Менің ойымша, мұны жануарларға деген қатыгездік деп бағалау керек.

Ресейлік цирк басшылығы бұл позициямен келіспейді. Ол-ол ма, жала жауып, атымызға кір келтірді деп Анарды сотқа бермек ниетте. Ал осыдан 2 ай бұрын труппа бір әртіске кеміген. Пудель итінің бақилық болғанын мұндағылар жасырмады. Бірақ, аштықтан емес, кәріліктен деп сендірді. Сөздерінше, өзге әртіс аңдардың тамағы тоқ, торлары таза. Қапастарды қуана кеңейтер едік дейді, тек жағдай жоқ.

Ольга Нагорная – цирк директоры:

-Иә, келісемін, торлар өте тар. Бірақ, жаңасын жасау үшін қомақты қаражат керек. Бізде мұнша ақша қазір жоқ. Цирк жұмыс істемейді. Әйтеуір, жергілікті бизнесмендердің бірі металл арматураларды тегін беріп, аюға кеңірек қапас жасадық. Ал негізі күнұзаққа аңдарға су шашамыз, ішуге таза тіршілік нәрін қаладан әкеліп береміз. Азық бар.

Осылайша, омбылық цирк бір сәтте танымал болып шыға келді. Тек аренадағы өнерімен емес, даумен. Өңірге желтоқсанда келген Шапито қысқа дейін Қазақстан бойынша гастроль құрмақ болған. Бірақ, карантин жоспардың бәрін құртты. Табыссыз теріскейде тұралап қалған цирктің өлместің күнін көріп, қиналғанын бұған дейін айтқан едік. Төртаяқты әртістерін қалай тамақтандырарын білмей дал болған труппаға қолы ашық солтүстікқазақстандықтар қолдан келгенше көмектесті. Қазір қаржылық жағдай тұрақталып, күнкөріс жеңілдесе де азық ала келтіндер әлі көп. Алина Смердованың отбасы да шет қалмауды шешкен. Тек тұтқындағы аңдардың халін көрген бойжеткен жүрегінің сыздай жөнелгені соншалық, көз жасына ерік берді.

Алина Смердова:

– Біз карантиннің өзінде төрт қабырғада жөнді отыра алмадық, ал аюды торға қамап тастаған… Қорқынышты көрініс. Біз балаларымыздың көңілін көтеру үшін цирк, зообақтарға барып, ақша төлеуге үйреніп қалғанбыз. Ал бұл шақта аңдардың қиналып жатқаны басымызға кіріп те шықпайды. Олар да тірі жан ғой. Өзімізді осылай торға қамап тастаса, қанша отыра алар едік?

Жергілікті зооқорғаушылар да осындай пікірде. Белсенділер жануарларды ойын-сауық үшін пайдалануды доғарар кез келді деп санайды. Төртаяқтылардың жанашыры Ольга Веркулеева омбылық Шапито аңдарының оқиғасы жүрекке тікендей қадалады дейді. Сөзінше, Қазақстан цирктер мен зоопарктерден мүлде бас тартуы тиіс. Өркениетті мемлекеттердің көбінде мұндай тыйым баяғыдан бар.

Ольга Веркулеева – зооқорғаушы:

– Біз 21-ші ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Қазір балаға арыстанды немесе аюды көрсету үшін зообақ пен циркке апарудың қажеті жоқ, интернетті аш немесе теледидарды қос та, көрсет. Сауық үшін тірі жанды қамауда ұстаудың не қажеті бар? Жануарларды осындай қатігездіктен қорғайтын жаңа заң бізге ауадай қажет. Шетелдік мамандарды тартып, оның әр пунктін жіті ойластыра жазу керек.

Жаңа заң, әзірге, Президенттің жолдаудағы пәрменінде ғана. Белгілісі бір – Үкіметке оны жазуды, ал Парламентке қабылдауды ұзаққа созуға болмайды. Ал ресейлік цирк болса отанға қайта оралмаймыз деп отыр. Келесі аптада Шапито Павлодар облысына жол тартпақ. Аю Галя, арыстан Ляля мен қос тотығұс көрші өңірдегі зообақтардың бірінде қыстап шығады. Ондағы қаумалдар мұндағы торлардан әлдеқайда кең болады деп сендірді директор. Ал карантин алынып, бұқаралық шараларға рұқсат етілгеннен кейін, цирк гастрольдерін жандандырып, аңдарды аренаға қайта шығармақшы.

Саят Ермек