МТРА жаңалықтары

Петропавлда жаңа трансформаторлық қосалқы станция орнатылуда

Қазіргі таңда Петропавлдың “Жас өркен” ықшам ауданында төбесі көк тіреген ғимараттар салынып жатыр. Осы нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етуге қолданыстағы қосалқы станциялардың қуаттылығы жетпейтін көрінеді. Сол себепті, су жаңа трансформаторлық қосын орнатылуда. Маңызды шаруамен арна тілшілері арнайы барып танысып қайтты.

Бұл – “Жас өркен” ықшам ауданындағы трансформаторлық қосалқы станция. Алдағы уақытта ол іске қосылады. Нәтижесінде мұндағы 20-дан астам жаңа ғимарат электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Шаруаны алматылық “Электромонтаж” АҚ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы жүргізіп жатыр. Мамандардың сөзінше, бүгінде құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған.

Қалжан Назарсейітов – “Электромонтаж” АҚ филиалының өндіріс жөніндегі директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

–  Станцияға қуаттылығы 10 киловольтты құрайтын ұяшықтар орнатылған. Олар электр энергиясын таратады. Одан бөлек, 2 трансформатор қойылды. Қондырғының әрбіреуі нысандарға 25 мегаватт электр энергиясын жеткізеді.

Тілге тиек етілген трансформаторлар жайлы толығырақ баяндайық. Мына бір қондырғы кернеуі жоғары тоқтың күшін азайтып, ғимараттарға жеткізеді. Нақтырақ айтсақ, 110 кВт тоқты 10 кВт-қа айналдырады. Мұның нәтижесінде ресурс үнемделеді. Станциядағы құрылғылардың басым бөлігі – отандық өнім. Олар Кентау трансформаторлық зауытында жасалыпты. Тек бір дүние аспан асты елінен импортталыпты.

Қалжан Назарсейітов – “Электромонтаж” АҚ филиалының өндіріс жөніндегі директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

–  Қытайдан жиынтықтық таратқыш құрылғы әкелінді. Ол электрогазбен оқшауланған. Оны монтаждауға Ресейден арнайы мамандар шақыртылды. Өкінішке қарай, карантинге байланысты маңызды шаруа ұзаққа созылып кетті.

Жалпы, трансформаторлық қосалқы станцияны салуға 2,2 млрд теңге бөлініпті. Айта кетейік, бүгінде мұндай станция Петропавлмен қатар, Ақтау және Атырау қалаларында да салынып жатыр. Облыс орталығындағы нысан қазан айында іске қосылмақ.

Бисенова Жанна