МТРА жаңалықтары

М.Жұмабаев ауданында биыл тағы 2 нысанға биоқазандық орнатылады

Мағжан Жұмабаев ауданында биыл тағы 2 биоқазандық іске қосылады. Тың дүние бүгінде дейін 11 әлеуметтік нысанға орнатылған. Солардың бірі Булаево қаласындағы емханада 2 жылдан бері қолданылып келеді. Заманауи дүниенің тиімділігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мекеме өткен жылы  жылытудың баламалы әдісін қолдану арқылы 3 млн теңге үнемдеген.

«Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла». Медициналық мекеме басшылығы жылыту маусымына әуелден қамданып алған. Бүгіннің өзінде 10 тоннадай сабан әзір тұр. Бір теңнің өзі 300-400 келі тартады. Әрбіреуі кем дегенде 2 сағат бойы жанып тұрады екен. Жанып біткенде қалдық қалмайды. Күлін шелектеп тасудың қажеті жоқ әрі көмірдікі сияқты жағымсыз иіс шықпайды.

Евгений Акулов – М.Жұмабаев аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– 2 қабатты нысанды жылыту үшін бір қысқа 800-900 тонна көмірге тапсырыс беретінбіз. Қыс аязды болса қара отын кейде бітіп те қалатын. Ал қазір жылыту маусымы аяқталғанша дейін 650 тонна сабан жағылады. Сабанның қызуы жақсы әрі қаражат жағынан тиімді. Өткен жылы 3 млн теңге үнемдедік.

Мағжан Жұмабаев ауданының орталығындағы жалғыз емхананың есігі 2014 жылы ашылды. Мекеме бір мезетте 200-ден астам адамды қабылдауға қауқарлы. Заманауи пеш нысанға осыдан 2 жыл бұрын орнатылыпты.
Биоқазандықтың жылуы тек емханаға ғана емес, оның артында тұрған мына 2 қабатты үйлерге де жетеді екен. Жалпы, Булаево қаласының өзінде әлеуметтік маңызы бар 11 нысанды жылытатын 6 бірдей қазандық орнатылған.

Евгений Акулов – М.Жұмабаев аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Жалпы, Булаево қаласында биоқазандық бойынша қызмет көрсетумен жергілікті «Агропрофи» серіктестігі айналысады. Жабдықты Ресейден алып келетін де өздері. Кәсіпорынмен 10 жылға келісім шарт жасалған.

Евгений Калинин – «Агропрофи» ЖШС жұмысшысы, М.Жұмабаев ауданы:

– Сабанды арнайы арбаға салып, отқа тастай салсаң жеткілікті. Қайта-қайта таси бермейсің. Өңіріміз ауыл шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы жер болғандықтан, шөп те көп. Орақ науқанынан қалған бидай, зығыр сынды кез келген өнімнің қалдығын жақсаң, жылуды молынан береді.

Мамандардың сөзінше, Булаевода биылдың өзінде тағы 2 нысанға биоқазандық орнатылмақ. Ал келесі жылы тың дүниені жер үйдің тұрғындары да қолданып көрмек.

Маржан Қасымбек