МТРА жаңалықтары

Хабар таратудың жаңа тәсілі

Хабар таратудың жаңа тәсілі. Биыл мемлекеттік телеарналар ескі баламалы форматтан  цифрға көшеді. Бұл әдіс теледидардағы суреттің сапасын жақсартпақ дейді мамандар. Қазірдің өзінде Петропавл қаласы мен оған жақын орналасқан ауылдарға 26 арна хабарларын сандық форматта таратуда.

Баламалы хабар тарату жүйесі арқылы тараған бейне тұнық бола бермейтіні белгілі. Әсіресе, қаладан алыс орналасқан елді мекендерде. Кейде көрсетеді, кейде теледидардағы сурет мүлдем жоқ болып кетеді. Естеріңізде болар, ауылда антеннаны түзеймін деп қақаған аяз бен жаңбырлы күндері терезенің қасында талай тұрған кездер болды. Бұл мәселе биылдан бастап шешімін табады.

Дәурен Самұратов – СҚО телерадио хабарларын тарату дирекциясының жетекші инженері:

– Цифрлық форматқа көшу биыл СҚО мен Алматыда жүзеге асырылады. Өңірде цифрлық форматта хабарды 21 елді мекен көре алады.

Цифрлық форматқа көшу бұл ең алдымен теледидарда көрсетілетін бейненің сапасын жақсартады. Және тұрғындар телеарналарды ешқандай ақаусыз көре алады. Яғни, байланыстың үзілуі немесе дыбыстың жоғалып кетуі сынды қолайсыздықтар туындамайды. Бұл идеяны ел көлемінде жүзеге асыру үшін 51 млрд қаржы бөлініпті. Сондай-ақ, мамандар аталған бастаманы жүзеге асыру үшін республика бойынша 800-ден аса радиотелефизиялық станция тұрғызбақшы екен.

Дәурен Самұратов – СҚО телерадио хабарларын тарату дирекциясының жетекші инженері:

– Бейне HD сапасында көрсетілетін болады. Сонымен қатар, Ресеймен шекаралас орналасқан елді мекендердегі тұрғындар да отындық телеарналарды еш қиындықсыз тамашалай алады.

Айта кетейік, қазірдің өзінде Петропавл қаласы мен оған жақын орналасқан ауылдарда 26 арна цифрлық форматта көрсетіледі. Бұл жаңашылдыққа жыл соңына дейін аудан тұрғындары да қол жеткізеді. Алыс ауылдағы ағайын 11 телеарнаны цифрлы форматта тамашалай алады.

Бердімұрат Баймұқан