Қоғам

Елде электр энергиясы қымбаттады

Елде электр энергиясы қымбаттады. Енді тұтынушылар жаңа тариф бойынша жарықты пайдаланғандары үшін  айына әдеттегіден шамамен 200 теңгеге көбірек төлейді.

Шілденің 1-інен елде жарық бағасы қымбаттады. Мұны Энергетика министрлігі былай түсіндіріп отыр: электр қуаты нарығынан алынатын қаржының көп бөлігі станция жабдықтарын жаңғыртуға және қайта жаңартуға бағытталады. Яғни, табыстан, шығын көп. Сол себепті, тариф өзгеріпті. Енді өңірдегі ахуалды баян етейік. Жергілікті «СевКазЭнергоСбыт» серіктестігінің өкілдері өзгеріске амалсыздан бардық дейді. Өйткені, кәсіпорын бұған дейін электр энергиясының 1кВт/сағатын өндіруші мекемеден 6,7 теңгеге сатып алыпты. Ал қазір көрсеткіш қосымша құн салығымен қоса есептегенде 8,38 теңгені құрайды.

Мұрат Қуанышев – ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– «СевКазЭнергоСбыт» серіктестігі тарифті 12%-ға көтеру туралы өтінім берді. Өтініш мақұлданды. Енді жеке тұлғалар электр энергиясының 1кВт/сағаты үшін 15,89 теңге төлейді. Бұрын бұл сома 14,21 теңгені құраған еді.

Ал заңды тұлғалар үшін тариф 7%-ға қымбаттап, 17,07 теңгені құрады. Түсінікті тілмен баяндасақ, енді кез келген солтүстікқазақстандық электр энергиясы үшін орта есеппен 200 теңгеге көбірек төлейтін болады. Бұл өзгеріске қатысты қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері келіспеушіліктерін білдірді. Ұйым өкілдері жарықтың бағасы негізсіз көтерілгенін алға тартып отыр.

Жасұлан Ахметов – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

 

– Республика бойынша тариф орташа есеппен алғанда 16% қымбаттады. Естеріңізде болар, үстіміздегі жылдың қаңтар айында да 14 жарым пайыздық өсім орын алған еді. Соңғы өзгерістің салдарынан елімізде тағы жылу энергиясы, тауарлар, азық-түлік қымбаттауы мүмкін.

Кеңес мүшелерінің айтуынша электр энергиясының қымбаттауы карантин салдарынан енді ес жиып жатқан бизнес өкілдеріне кері әсерін тигізуі ықтимал. Отырыс барысында жиналғандар әлемдегі жағдайды да баян етті. Қазір елдердің көбі тарифтердің өсуін мүлде тоқтатқан. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері жақын арада тиісті хат жазып, жоғарыға жолдайтындықтарын жеткізді.

Ешкенова Дана