МТРА жаңалықтары

Аялдамалардағы таблолар жиі істен шығады

Осымен екінші жыл Петропавлдың 30 аялдамасында қоғамдық көлікті күту ыңғайлырақ. Мұнда автобустардың келіп-кету уақытын көрсететін таблолар орнатылған. Алайда, қойылғанына көп болмаса да қондырғылар қазірдің өзінде істен шығып жатыр.

Петропавл автобустары жаңартуды қажет етіп жүргелі қай заман. Есесіне 2016-да орнатылған елордалық стильдегі аялдамалардың жанында 2018-де, ал нақтырақ, өңіраралық форумның алдында, электрондық таблолар пайда болды. Ақпараттық тақташа автобустардағы GPS-навигаторлармен байланысқан. Осының арқасында қай қоғамдық көліктің қашан келетінін көріп отыруға болады.

22-ші бағытта қатынайтын автобус 1 минут 47 секундтан кейін келіп тоқтады. Табло 1 минутқа қателесті. Дөп түспесе де кешіруге боларлық олқылық. Жалпы айтқанда, тақташа жұмыс істейді.

Тек қуануға асықпаңыз. Екі аттам жерде тұрған жолдың арғы жағындағы аялдамада керекті көліктің қанша минуттан кейін келетінін біле алмайсыз. Табло мұнда жұмыс істемейді, “сервермен байланыс жоқ”.

– Иногда она не работает. То работает, то не работает.

Заманауи тақташалар қала бойынша 30 аялдамада орнатылған. Қызмет көрсетуші компания өкілінің сөзінше, олардың 10 шақтысы жүйелі түрде жиі істен шығып тұрады. Яғни, құйылған қаражатты таблолардың бірі ақтап жатса, кейбірі тек сәндік үшін тұрғандай. Бір сөзбен айтқанда ресейлік өнімнің “еркелігі” көп болып шыққан көрінеді.

Александр Список, қызмет көрсетуші компания өкілі:

– Көп жағдайда қуаттандыратын аккумулятор істен шығып жатады, ал кейде таблолар GPS-пен байланыспай қалады. Аптап ыстық пен аязға шыдамай сынатындары да бар. Қай қондырғының жұмыс істемей тұрғанын біз бірегей желі арқылы біліп отырамыз. Барып, 1 тәуліктің ішінде қайта іске қосамыз. Тек карантинге байланысты соңғы жарты жылда Ресейден қосалқы бөлшектерді жеткізу қиынға соғуда. Сондықтан, жөндеу уақыты да ұзарды.

2 жылға да шыдамаған таблолардың сапасы еріксіз күмән тудырады. Қондырғылардың кейбірі көрші елдегі зауыттың өзінен ақаумен келді дейді жауапты компания өкілі. Яғни, орнатпас бұрын жап-жаңа күйінде жөндеуге тура келсе керек. Қысқасы, идея жақсы болғанымен жүзеге асыру жағы сыр берді.

Саят Ермек