Құқық қорғау органдары

“Астық-2020” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде

“Астық-2020”. Осындай атаумен облыс аумағында жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Бүгінге дейін тәртіп сақшылары 10 қылмыстың бетін ашыпты. Оның екеуі Тайынша ауданында орын алған. Жергілікті жұмысшылардың бірі алқаптан 20 тоннадан аса бидайды заңсыз жолмен алып кетпекші болыпты.

Өңірде орақ маусымы қызу жүріп жатыр. Бүгінде тәртіп сақшылары нан қабылдайтын пунктер, егіс бригадасы мен элеватор маңдарын патрульдеуде. Сондай-ақ, мамандар астық жиналып жатқан орындарды да бақылауға алыпты.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Өткен жылғы тәжірибе көрсетіп отырғандай ұрлықты шаруа қожалығының жұмысшылары жасайды. Іс-шара барысында Уәлиханов ауданында жанармай ұрлығының фактісі тіркелді.

Тәртіп сақшылары істі аграрлық кәсіпорындардың қауіпсіздік қызметтерімен бірлесе атқаруда. Иық тіресе жасалған шаруаның арқасында биыл мамандар Тайынша ауданында екі қылмыстың бетін ашты. Оның біреуін 45 жастағы тракторшы жасапты. Азамат өз үйіне рұқсатсыз 3 жарым тоннаға жуық астық алып кеткен екен. Екінші жағдай да осыған ұқсас. Бұрын істі болған ауыл тұрғыны Камазбен құны 2 млн теңгені құрайтын 22 тонна дәнді алқаптан алып кетпекші болған.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Жедел алдын алу іс шарасы барысында 10 қылмыстық факті тіркелді. Оның барлығы қазіргі уақытта ашылды. Профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр.

Жалпы, астық ұрлығынан келген шығынның көлемі 6 жарым млн теңгеден асады.

Бердимурат Баймухан