Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жолдау жүктеген жаңа міндеттер

Президент өзінің Жолдауында: қазіргі басқару жүйесі ескірген және қайта жаңғыртуды талап етеді деді. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Ал азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін олардың өздерін осы іске белсенді түрде тарту қажет. Нақтырақ айтатын болсақ, алдағы саяси реформалардың барлығы мемлекеттік басқару ісіне халықты кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді және ауылдық округтер мен моноқалаларды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеуді тапсырды. Мұндай шешімді солтүстікқазастандықтар бірауыздан қолдап отыр.

Рашид Надиров, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

– Жергілікті билік органдарының рөлін күшейту. Ол аудандар мен ауылдар үшін аса маңызды. Және ауыл әкімдерін халық тікелей өздері сайлау – жақсы идея. Мемлекет басшысы өз Жолдауында моноқалаларды көтеру тұралы да айтып кетті. Мысалы, бізде Сергеевка, Мамлютка және т.б. моноқалалар нашар жағдайда. Шынымен де, проблемаға назар аударып, оларды қаржыландыру, көтеру қажет.

Сондай-ақ, Жолдауда денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және медицина қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Бірқатарын баян етейік. Президент індетпен күресіп жатқан жандарға үстемақы төлеуге қосымща 150 млрд теңге бөлуді тапсырды. Бірінші жартыжылдықта солтүстікқазақстандық мамандарға тиісті қаражат толық көлемде төленгенін атап өту қажет. Өзекті мәселеге кезек берейік. Облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Юрий Белоногтың сөзінше, аймақта тар бейінді дәрігерлердің тапшылығы байқалады. Ал ауруханалар мен емханалардағы бірқатар медициналық жабдықтардың тозығы жеткен. Жағдай, әсіресе, шалғай аудандарда мәз емес.

Юрий Белоног, облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Президент өз Жолдауында денсаулық сақтау жүйесіне жіті тоқталды. Жолдаудан кейін министрлік өңірлердегі жағдайды зерделей отырып, өзекті мәселелерді біржақты етеді деп сенемін. Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек еткен құрал-жабдық жайына келейік. Менің ойымша, медициналық ұйымдар орналасқан жері, халық саны бойынша жарақталуы керек.

Мұндай реформа қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана