Ауа райы

Қыркүйек айына арналған ауа райы болжамы

Бау-бақшамыз жайқалып, ел еккен егін орылатын кез. Қоңыр күздің алғашқы айы да басталып кетті. Әзірге, ауа райы солтүстікқазақстандықтарды қуантып тұр. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмайтын сыңайлы. Синоптик мамандардың айтуынша, қыркүйектің ортасына қарай сынап бағанасы төмендемек. Алайда, жайма-шуақ күндерге еттері әбден үйренген жерлестеріміз жылы температураның сақталғанын қалайды.

– Қыркүйек айында күн ашық болады деп ойлаймын. Қыркүйек айының соңына дейін ашық болса деймін. Себебі, әлі бітпеген істеріміз көп.

– Күз де өте жақсы мезгіл. Бірақ, жазға жетпейді. Күзде де жаздағыдай ауа райы болса деймін.

Бүгін өңірімізде сынап бағанасы +30 градусты көрсетіп тұр. Алайда, ертең солтүстіктен циклон келетін көрінеді. Жел күшейіп, қысқа мерзімді жауын-шашын күтілуде. Біріншің онкүндіктің соңында күн жылынғанымен, көп ұзамай қайта салқындайды.

Файруза Билалова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде +1 +6˚С-қа, күндіз +10+15˚С-қа дейін төмендейді деп күтілуде. Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 0 +5˚С, -3˚С аяздан +3 +8 ˚С жылыға дейін ауытқиды. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде +7 +12˚С, күндіз +17 +22˚С дейін жылынады деп күтілуде.

Диқандардың құлағына алтын сырға жауын-шашынның айлық мөлшері нормадан асады. Сондықтан, жақын арада алқаптардағы алтын дәнді шашау шығармай жинап алған жөн. Сөз соңында тарихи мәліметке кезек берейік. Петропавлда ең жылы қыркүйек айы 2003 жылы тіркеліпті. Мұнда айдың 3-ші жұлдызында сынап бағанасы +34 градусты көрсеткен екен. Ал минималды температура 55-ші жылдың 29-шы қыркүйегінде анықталған. Бұл күні -6 градус аяз болған екен.

Казиканова Алтынай