Қоғам

СҚО-да “Аға сеньорлар” жобасы жүзеге асуда

Әсет Мырзабаев Петропавлға Алматыдан келді. Маркетолог маман қаладағы дәмханалардың бірінде еңбек етуде. Ол осында 10 күн болып, қоғамдық тамақтану орнының басшылығымен бірге ауқымды жұмыс атқармақ. Нақтырақ айтсақ, осындағы қызметкерлерге шеберлік сағатын ұйымдастырып, дәмхананың жұмысын дамытпақ.

Әсет Мырзабаев – маркетинг жөніндегі маман, Алматы қаласы:

– Менің мұнда келгеніме 1 апта болды. Осы аралықта дәмхананы көпшілікке кең көлемде жарналамадық. Мәселен, өткен-кеткен адам көрсін деп терезелерге жапсырма ілдік. Бірнеше қызықты бейнеролик түсіріп, инстаграм желісіндегі парақшаға жүктедік. Осындай дүниелердің арқасында бизнес тез дамиды. Жұрт көре бастайды. Мұны әр кәсіпкер білуі керек.

Бұл – маркетолог маман түсірген бейнероликтердің бірі. Мұнда азамат хош иісті кофені дайындау барысын көрсетіп, көпшілікке жарнамалауда. Дәмханада бұрын-соңды тамақ жеткізу қызметі мүлдем болмапты. Тәжірибелі азамат бұл жүйені де бір жолға қойған екен. Алматылық мейман арнайы сайт ашып, әлеуметтік желідегі парақшаларды жандандырыпты. Келешекте бұл бағыттағы шаруа тоқтамас үшін СММ-маманын да жұмысқа тартқан.

Неля Петрова – кәсіпкер:

– Маркетолог маманның келгені жақсы болды. Атқарған шаруалардың арқасында дәмханаға келушілердің саны біртіндеп өсіп жатыр. Тамақ жеткізумен де айналыса бастадық. Тапсырыстар түсіп жатыр, бизнесім дамуда.

Қазір ғаламтордың, жаңа технологиялардың дамыған заманы. Күн өткен сайын жаһан цифрландырылып, кейбір адамдар қашықтықтан жұмыс істеуге көшуде. Осы көштен қалмас үшін азаматтарымыз жаңашылдықтарды меңгеріп, заман ағысына ілескендері жөн. Әсіресе, кәсіпті нәсіп еткен жандар. Бұл мақсатта өңірлік кәсіпкерлер палатасы түрлі шараларды қолға алуда. Солардың бірі – бизнес саласында еңбек етіп жүрген жерлестерімізге Әсет Мырзабаев сынды білікті мамандарды жіберіп, істі дамыту.

Айдос Ебжанов – облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша «Аға сеньорлар» бағытын жүзеге асырудамыз. Оның аясында жоғары тәжірибесі бар мамандар кәсіпкерлерге 10 күнге жіберіледі. Олар жерлестерімізге бизнесті дамытудың жаңа әдістерін үйретеді, қызметкерлерді оқытады. Жобаға жылдық табысы 5 мың АЕК-ті құрайтын шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады. Айта кетейік, кәсіпкерлер өтінішті тегін береді және ақысыз қызмет алады. Яғни, маманның жалақысын мемлекет төлейді.

Бұл – биыл алғаш рет өткізіліп отырған шара. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзінше, жыл соңына дейін облысымыздағы тағы 2 бизнес өкілі сарапшылардың қызметін алады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан