Әр түрлі

Бүгін Есіл өзеніне 1 млн 200 мың тұқы балығы жіберілді

Бассейннің ішінде кішкентай тұқы балықтары жүзіп жүр. Олардың питомникте өсіріліп жатқанына 3 айдай уақыт болыпты. Мұндағы судың температурасы +18 градусты құрайды. Бұл көрсеткіштің өзгеріп кетпеуін 10-ға жуық маман тәулік бойы қадағалайды екен.

Өмірсерік Қошанов – Петропавл балық питомнигінің инженер-гидротехнигі:

– Таңертең келіп тамақтандырамыз. Есілдің суын тартамыз осында. Су болмаса шабақтар өліп қалады.

Шабақтар су қоймаларына жіберілмес бұрын арнайы комиссия өкілдері оларды зертханалық тексерістен өткізді. Ол үшін бассейннен 100 бірдей кішкентай балық алынып, әрқайсысының салмағы өлшенді. Бір-біреуінің салмағы 12 грамнан кем болмауы керек. Сонымен барлығы нормаға сай. Енді, тіршілік иелерін өзен-көлдерге жіберуге болады.

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Бұл тұқымды өзімізде өсіреміз. Уылдырығын сауып аламыз. Аппаратқа салып, дернәсілін шығарамыз.

Көп ұзамай қызу жұмыс та басталып кетті. Мамандар ең алдымен бассейннің ішіне ау тастап, балықтарды бір жерге жинады. Одан соң шабақтарды шелекпен арнайы машинадағы бөшкеге тасыды.
Бір шелекке шамамен 800-ге жуық балық сыяды.

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Өседі. Балық 10 келіге дейін жетеді. 5-6 жылда салмағы одан да көп болады.

Бұл шабақтар Есіл өзеніне Бәйтерек ауылының тұсында жіберіледі. Жалпы, биыл Петропавл балық питомнигі тұқы балығын өсіруге 20 млн теңгенің мемлекеттік тапсырысын алыпты. Оған 1 млн 200 мың бас тіршілік иесі өсіріліп-бапталған. Бүгін соңғы партия су айдынына босатылмақ.

 

 

 

Маржан Касымбек