Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президенттің кезекті жолдауы жарияланды

Саят Ермек – тілші:

– Алдымен мемлекет басшысы 6 ай карантинде қазақстандықтарға көрсетілген қолдау жайын қысқа қайырды кейін, болжамдармен бөлісті. ДДСҰ мәліметіне сай індетті толықтай ауыздықтау үшін – 2, ал жаһандық экономиканы дағдарыстан шығаруға кемінде 5 жыл керек. Коронавирус Қазақстанды да біршама әлсіретті. Сондықтан, үкімет пандемиямен күрестің кешенді бағдарламасын әзірлеп қойған. Індет қайта қанат жайса, Ұлттық қордан бөлінген 1 трлн теңге дайын тұр. Ал алдағы 1 жыл бойы министрлер қабинеті елдегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру жолында қажырлы еңбектенетін болады.

Өзгерістерді Президент іштен бастауды құп көрген сыңайлы, сондықтан мемлекеттік басқарудың жаңа моделін ұсынды. Карантин кезінде мемлекеттік аппараттың қашықтықтан жұмыс істеуі оны қысқартуға болатынын дәлелдеді деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Биыл ел бойынша шенеуніктердің саны – 10 , ал келер жылы тағы 15 пайызға азаймақ. Үнемделген қаражат орнында қалғандардың жалақысын көтеруге жұмсалады. Одан қалды, реформалар мен стратегиялық жоспар жасау міндеті атқарушы биліктің мойнынан алынды. Бұл іспен жіті айналысатын арнайы орган құрылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құру туралы шешім қабылдадым. Ол тікелей Президентке бағынатын болады. Агенттік мемлекеттік жоспарлау жүйесін реттейтін негізгі органға айналуы тиіс. Оның құрамына статистика комитеті кіретін болады. Реформаларды бүкіл мемлекеттік органдар міндетті түрде орындауы керек. Ал соңғы шешімді жаңадан құрылған реформалар жөніндегі Жоғарғы Президенттік кеңес қабылдайтын болады.

Президенттің сөзінше, мұнайдың әлемдік нарықтағы рөлі әлсіреп жатыр. Сондықтан, экономиканы жаһандағы жаңа ахуалға бейімдеу керек. Нақтырақ – өңдеуші өнеркәсіпке. Ішкі нарықтағы бар қауқарымызды жөнді пайдалана алмай келеміз. Өзімізде жасауға болатын тауарлардың 3/2-сін әлі шетелден тасып әлекпіз. Сондықтан, қайта өңдеуді қолға алу керек. Әсіресе, қара және түсті металлургияны, мұнай химиясын, көлік құрастыру мен машина жасауды, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндірісін.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тапқан. Бірақ, ортақ мақсат көрсетілмеген, жүзеге асырылатын саясат пен шаралардың арасында өзара байланыс жоқ. Сондай-ақ, жекелеген секторларды немесе салаларды реттейтін көптеген заң бар. Мысалы, «Электр энергетикасы туралы» заң, «Көлік туралы» заң. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс. Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз.

Аграрлық секторда қордаланып қалған проблемалар да жіпке тізілді. Өлместің күнін көріп отырған жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіру керек деді Президент. Өйтсек, ауылдағы ағайынға шикізаттан өнім жасап, жүйелі түрде саудаға шығару мүмкіндігі туады. Сонда манағы импорттың үлесін азайтамыз. Үкімет нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Сөзінде мемлекет басшысы ел арасында қыдырып жүрген алып-қашпа әңгімені жоққа шығарып, тоқетерін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ, аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.

Қараша халықтың табысына қарамай несиені оңды-солды бере беретін банктер, микроқаржылық ұйымдар мен ломбардтарға қатысты жауапкершілік қатаңдатылуы тиіс. Қаржылық реттеу агенттігі мен Ұлттық банк Президенттен тиісті тапсырма алды. Ал салықтардың саны қысқармақ. Пәрмен сол – Үкімет салық кодексін тағы бір оқып шығып, оны мейілінше жеңілдетуі тиіс. Санамызға сіңген жемқорлыққа / қарсы күрес бойынша және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуде де ел басшысы билікке бірқатар тапсырма жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

 – Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заң жобасын мүмкіндігінше осы сессияның аяғына дейін қабылдау керек. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек. Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.

Ал ауылдық округ әкімдерін халық сайласа деген бастама көтерді мемлекет басшысы. Келер жылы өкілеті бітетін атқамінерлерді бұқара өздері таңдап көруі тиіс. Егер бұл практика тиімділігін дәлелдесе, заңнамалық тұрғыда бекітілмек. Одан қалды, министрлер кабинеті биылдан бастап тағы бір ведомствомен толығады. 2014 жылы таратылған ТЖМ қатарға қайта оралады. Ал халықпен етене жұмыс істейтін / полицияның қатардағы учаскелік иеспекторларының мәртесебін арттыру керек. Әлеуметтік саланы да оң өзгерістер күтіп тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев көптің бас ауруына айналған баспана мәселесін көтерді. Жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарға пәтерді жалдау ақысын субсидиялау тапсырылды. Президент елдегі отбасылық-демографиялық ахуалға да тоқталды. Бүгінде әр 6-шы / қазақстандық отбасы бала сүйе алмай отыр, салдарынан ажырасу жағдайлары жиілеген. Осы орайда Президент “ЭКО” бағдарламасы бойынша квоталар саны 7 есеге өсіп, 7 мыңға жеткізіледі деді.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл Президент жолдауында көтерген бастамалардың бір парасы ғана. Әділет саласын, сот жүйесі мен ішкі істер органдарының жұмысын да ауқымды реформалар күтіп тұр. Білім беру мен денсаулық сақтау салалары да назарсыз қалмайды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Үжануарларды қорғау туралы заң жобасын әзірлеу тапсырды, ал жаңа экологиялық кодекс әне-міне дегенше дайын болады. Мемлекет басшысы бұл қос құжатты қарастырарда Парламенттен жоғары жауапкершілік танытуды өтінді.

 

 

 

 

Саят Ермек