Білім

Петропавлда 3 мыңға жуық бала 1-ші сыныпқа барды

Бұл – жүздері бал-бұл жайнаған қалалық №23 орта мектебінің 1-ші сынып оқушылары. Олар мұғалімдерін мұқият тыңдап отыр. Педагог шәкірттерге қабылданғанына 25 жыл толған Ата заңымыздың мән-маңызын баян етуде.

Инна Кладинова, №23 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– 1-ші қыркүйек – әр бала үшін ерекше мейрам. Бүгін мектебімізде кезекші сыныптар ашылып жатыр. Білім ошағына келіп, балалармен қауышып жатқанымызға өте қуаныштымыз.

№23 орта мектепте ұйымдастырылған 39 кезекші сыныпта 606 бала оқымақ. Оның 143-і білім ұясының табалдырығын алғаш аттап отыр. Қауіпсіздік – басты назарда.

Шалқар Қабылбеков, №23 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Есіктің алдында залалсыздандырғыш кілемше төселген. Мектеп фельдшері кіреберісте тұрады. Ол оқуға келген оқушылардың температураларын тексереді. Кіріп-шығуға арналған есіктердің де санын арттырдық. Өйткені, балалар үнемі арақашықтықты сақтаулары тиіс.

Кезекші сыныптар түске дейін және түстен кейін оқиды. Сабақ – 40, ал үзіліс 10 минуттан тұрады. Үзілісте сыныптар өңдеуден өтеді. Яғни, дезинфекцияланады. Айта кетейік, балалар бір жерде топтаспаулары үшін әр сыныпқа қоңырау әр түрлі шалынады. Оқушылар партада бір-бірден отырады.

 

 

 

Алтынай Қазиқан