Қоғам

Партияішілік іріктеудің бірінші кезеңі аяқталды

Заңгерлер, ұстаздар, әйгілі спортшылар мен белсенді жандар. Бұлардың барлығы “Nur Otan” партиясы атынан депутат атануға ниетті. Араларында біздің жерлестеріміз де бар. Солардың бірі – Әлфараби Мыңбай. 24 жастағы белсенді азамат көптеген іс-шараның басы-қасында жүреді. Сонысымен көпшілікке танымал. Бүгінде Әлфараби праймеризге өзінің кандидатурасын ұсынып, бағыт-бағдарын таңдап, бірнеше жобаны алға тартыпты. Алдағы уақытта соларды қорғамақ.

Әлфараби Мыңбай – облыстық жастар бастамалары орталығының маманы:

– Бірінші ұстанған бағытым – жастардың мәселесі. Оқу бітіргеннен кейін жұмысқа тұру проблемасын көтермекшімін. Екінші мәселе – Оңтүстіктен келгендерді осында қалдыру.

Жалпы, праймериз Елбасының бастамасымен партия жұмысын қайта жандандыру мақсатында қолға алынып отыр. Саяси дода тамыздың 17-сі мен қазанның 3-і аралығында өткізіледі. Жуырда партияішілік іріктеудің бірінші кезеңі аяқталды. Оның қорытындысы бойынша біздің өңірден 645 үміткер сайлауға қатысуға ниет білдірген: 12% – Парламент мәжілісіне, 20-сы – облыстық мәслихатқа және 90% – қалалық және аудандық деңгейлердегі депутаттыққа үміткер.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Ең көп үміткер Петропавл қаласында тіркелді. 114 адам өтініш берген және Мағжан Жұмабаев пен Тайынша аудандарынан үміткерлер саны көп. Бір депутаттық орынға ең көп үміткер Петропавл қаласында – 6 адам, М.Жұмабаев ауданында – 4 адам, қалған 12 ауданда 3 адамнан. Азаматтардың 67% өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланды.

Саяси додаға қатысуға бұл жолы әйелдер мен жастар жоғары белсенділік танытыпты. Үміткерлердің 40% нәзікжандылар болса, 26% 35 жасқа дейінгі жастар екен. Сөз соңында айта кетейік, қыркүйектің 7-сі кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталады. Іс-шара қазанның 3-і, яғни дауыс беру күні аяқталады.

 

 

 

Ешкенова Дана