МТРА жаңалықтары

Муниципалдық телеарнаға – 22 жыл

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Бізге бүгін – 22 жыл! Муниципалдық телеарна ұжымы осынша уақыт тұрғындарға ел өмірінде болып жатқан жаңалықтарды көрсетіп, жедел ақпарат таратып келеді. Жүздеген шығарылым мен бағдарлама көрерменге жол тартты. Бұл бағытта әлі де аянып қалмаймыз. Бүгін біз көрермендерімізден біз жайлы қандай пікірде екенін сұрап білмекшіміз. Алдымен өз жұмысымызға қысқаша тоқталайық.

– Күнделікті жұмысымыз жаңалық іздеуден басталады. Ғаламторды ақтарамыз, әр салада қызмет ететін жандармен, қарапайым тұрғындармен тілдесіп, бейнематериал әзірлеуге келісеміз. Ендігі міндет – оқиға орнына жету. Камера мен микрофонымызды қолға алып, жолға шығамыз.

– Құрам оператор, жүргізуші мен қос редакцияның тілшілерінен тұрады. Біз әр түрлі жерге барамыз. Күннің бірінші жартысында қаланың бір шетінде болсақ, екінші жартысында ауданға аттануымыз мүмкін. Кеттік!

Астың дәмін – тұз, сюжеттің сәнін стендап келтіреді. Стендап дегеніміз – оқиға барысын сол жерден баяндау. Арна тілшілері бұл істі шебер меңгерген. Олар үнемі камера алдында сөйлеп, маңызды, қызықты мәліметтерді ағайынға жеткізуде. Арна тілшілері баспасөз қызметінде жүрген мамандармен тығыз жұмыс жасайды. Мәселен, құтқару жұмыстарын баяндау, қылмыскерлерді әшкерелеу мен профилактикалық шаралардың маңызын жұртшылыққа жеткізуде екіжақты тиімді әріптестік орнаған.

Нұрбек Баекин – СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы:

– Муниципалды телеарнамен бірге тығыз жұмыс жасаймыз. Бұл – жас тілшілерге тәжірибе жинау үшін ең жақсы мектеп. Себебі, республикалық және халықаралық арналарда қызмет етіп жүрген журналистердің көбісі осы телеарнадан қанат қаққан. Біз оларды сол кезден танимыз.

– Құтқарушы мен журналистің мамандығы бір-біріне ұқсас дер едім. Біз түскен қоңырауға дереу әрекет етіп, адамдарды құтқаруға асығамыз. Тілшілер де осылай жұмыс істейді. Яғни, аз уақытта ақпарат дайындайды. Біздің департамент – Муниципалдық телеарнамен ұзақ жылдардан бері әріптес. Өрт қауіпсіздігі, суда шомылу науқаны кезінде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл бағытта Муниципалды арнаның тілшілері өте ауқымды шаруа атқарды.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы бөлімінің сарапшысы:

– Медициналық сақтандыру – жаңа енгізіліп жатқан жүйе. Оны халық арасында түсіндіру мақсатында біз МТРА-мен көп жұмыс жасадық. Тілшілер жас болса да тақырыпқа жақсы үңіледі, оны толық ашып түсіндіре алады.

Ольга Файзуллина – Муниципалдық телеарнаның SMM-менеджері:

– Жалған парақшалардан пікір жазатын адамдар көп. Олар төтенше жағдай кезінде қаланы біресе карантинге жабады, біресе ашады деген жалған хабар таратты. Ал Муниципалдық телеарнаның тілшілері мемлекеттік органдардан ресми ақпаратты дереу алып, мән-жайды толық біліп, жерлестеріміздің сұрақтарына нақты жауап беріп отырды. Сол үшін тұрғындардан біраз алғыс естідік.

– МТРА телеарнасы өте қызықты. Маған өте ұнайды. Ал журналистері талантты және өз ісінің шебері.

– Телеарналарыңыз ұнайды. Қажетті жаңалықтардың барлығын ұсынасыздар. Енді, көркем фильм көрсетсеңіздер, тіпті, жақсы болар еді. Ал тілшілерге зор денсаулық пен шабыт тілеймін.

– Муниципалды телеарнаны күнде қараймын. Жаңалықтары қызықты. Осы телеарнадан Солтүстік Қазақстан туралы көп нәрсе көремін. Сондай-ақ, олар барлық әлеуметтік желіде бар.

Баймұқан Бердімұрат – тілші:

– Бұл – әріптестеріміз бен жаңалығымызды асыға күтетін көрермендердің біз туралы ой-пікірі. 22 жыл ішінде арнамыз тұрғындардың көзайымына айналғанын осыдан-ақ білуге болады. Ал, сізге Муниципалды телеарна несімен ұнайды? Экранда көрсетілген біздің инстаграм желісіндегі парақшамызға тіркеліп, өз ойыңызды қалдырыңыз.

 

Бердимурат Баймухан