МТРА жаңалықтары

Жергілікті зауытта құрастырылған компьютерлердің алғашқы легі мектептерге жөнелтілді

Компьютерге сұраныс қазір аса жоғары. Коронавирус пандемиясы сан саланы қыспаққа алды. Амал жоқ, тұралап қалуға болмайды. Қашықтықтан болсын, оқу керек, жұмыс істеу керек. Заман ағымына бейімделе білген озады. Бірақ, сол заманауи құрал біреуде бар, біреуде жоқ. Әрі қазір сол өнімнің бағасын құрықтау да қиынға айналған. Жыл басындағы компьютер құны қазір өскен. Бұл – шетелдік тауардыкі. Ал өзіміздің Киров атындағы зауытта құрастырылған техника оған қарағанда әжептәуір арзан.

Мәди Бетенов – «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ сату департаментінің директоры:

– “Бүгін біздің зауыт үшін тарихи сәт. Себебі, жасап шығарған компьютерлердің алғашқы легін мектептерге таратуға дайынбыз. Дәл қазір 470 компьютер қала мектептері мен Бескөл мектептеріне жіберіледі. Келісім шарт бойынша тапсыратын техниканың құны – 199 мың теңге. Бұл толыққанды компьютер үшін өте қолжетімді.

Бағасы арзан. Сапасы қалай? Киров атындағы зауытта құрастырылған компьютерлерге Intel Core i3 процессорының 9-шы буыны орнатылған. Жедел жадтың мөлшері 8 гигабайтты құрайды. Яғни, техниканың жұмыс істеу жылдамдығы жоғары болады деген сөз. Айта кетейік, облыстық білім басқармасының аталған зауытпен жасаған келісім шартына сәйкес өңір мектептеріне су жаңа компьютерлердің 2 мыңға жуық данасы жеткізіледі.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Компьютерлер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жауапты сақтауға беріледі. Ата-аналар мемлекеттік мүлікке жауапты екендігі туралы құжатқа қол қояды.

Пайдалануға уақытша берілетін компьютерлерге мұқтаж отбасыларға қыркүйектің 1-іне дейін толығымен жеткізіледі.

Ешкенова Дана