МТРА жаңалықтары

Тамыздың 31-інен бастап карантин жұмсартылуы мүмкін

Биыл өңір мектептерінде 71 мың оқушы білім алады. Соның 20 мыңы – мектеп қабырғасында, қалғаны қашықтықтан оқымақ. Сабақтар штаттық режимде ұйымдастырылатын білім ошақтарында 2 мыңнан астам кезекшілік сыныбы дайын тұр.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Дарынды балаларға арналған мектептер және облыс орталығындағы коррекциялық мектептер бастауыш сынып оқушыларына кезекші сыныптар ұйымдастырумен қатар, қашықтықтан да жұмыс істейтін болады. Ауылдық түзету мектептері жабық түрде, штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Олар – Ломоносов, Шөптікөл, Соколов, Чкалов, Мамлют санаторлық мектептері. Ал 5-11 сынып оқушылары үшін қашықтықтан оқыту ұйымдастырылады.

Ал шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептер санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра жұмыстарын бұрынғы тәртіппен жалғастыра бермек. Өңірде мұндай білім ұяларының саны 300-ден асады. Енді қашықтықтан білім алатын оқушылардың жайына тоқталып өтсек. Ұл-қыздар сабақты «Балапан» мен «Ел арна» телеарналарынан тамашалай алады немесе «Microsoft Teams» платформалары арқылы оқиды.
Оқытушылар мен оқушылар жаңаша жағдайдағы жаңа оқу жылына дайындалып жатқанда, өңірдегі эпидахуалдың тұрақталып келе жатқанын да ерекше атап өту керек. Өткен тәулік ішінде облыста коронавирусты 12 адам жұқтырған екен. Жағдайдың біртіндеп жақсарып жатқанына байланысты карантин де жұмсартылуы мүмкін.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Тамыздың 31-інен бастап бірқатар спорттық нысандар жұмысын қайта бастауы мүмкін. Яғни, бассейн, жаттығу залдары, спорт кешендері келушілерін қабылдайды. Сондай-ақ, діни және мәдени мекемелердің де есігі ашылады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға да кіруге рұқсат етілуі ықтимал.

Бірақ, сенбі мен жексенбі күндері әдеттегідей карантин күшейеді. Яғни, азық-түлік сататын дүкендерден басқа нысандар 2 күнге қызметтерін тоқтатады. Қоғамдық көліктер де уақытша жүрмейтін болады.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек