МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы 4 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды

Жасырын емес, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болатын мамандарды даярлау үшін оқу орындарына мықты педагогтар мен заманауи материалдық-техникалық база керек. М.Жұмабаев атындағы жоғарғы колледж директорының сөзінше, білікті оқытушылар баршылық, ал техникалық жабдықтау жайы биылғы жазға дейін ақсап тұрған. Жаңа оқу жылында бәрі өзгерді. Білім беру процесіне қажетті қондырғыларды алу үшін колледжге биыл “Жас маман” жобасының аясында 300 млн теңге бөлінген.

Жоғарғы колледжде енді соңғы үлгідегі мультимедиялық кабинеттер, тіпті робототехника мен 3D-модельдеуге арналған қондырғылар бар. Мұндай техникалық жаңғыртуды бұл орта кәсіптік оқу ошағы бұрын-соңды көрген емес. Мәселен, мына аудиторияда жүйе әкімшілері, түсінікті тілмен айтқанда “сисадминдар” дайындалады. Қайда болмасын, мұндай мамандар керек: мемлекеттік органдарға да, оқу орындарына да, емхана-ауруханаларға да, өндіріс ошақтарына да. Компьютердің тілін білетін бұл шеберлерге деген нарықтағы сұраныс қазірдің өзінде ұсыныстан әлдеқайда көп.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Цифрландыру дәуірі жетті және ол тез алға басып жатыр. Қазір бірде-бір саланы компьютерсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан, мамандарды даярлайтын оқу ошақтарын ең соңғы үлгідегі техникамен жабдықтап, оқушылар мен студенттерді қазірден бастап олармен жұмыс істеуге үйретуіміз керек.

Шынымен де адам қолы емес, құлтемір жұмыс істейтін заман жетті. Зауыт-фабрикалардың көбінде қазір ауыр еңбекті адамдар емес, роботтар атқарады. Ал мамандардың міндеті – оларды басқару ғана. Басқару үшін де білім керек. Қымбат техниканың тек білікті маманға тапсырылатыны белгілі. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі оларды даярлауға әзір. Студенттердің мамандықты су жаңа заманауи техника арқылы меңгерерлік мүмкіндіктері бар. Бұған дейін қондырғылар мұнда 30 жыл бойы жаңартылмаған екен.

Еркін Жақыпов, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры:

– Біздің колледж 57-ші жылы құрылған. 2019-да біз колледждерді жаңғырту бағдарламасы мен “Жас маман” жобасына іліктік. 323 млн теңге бөлінді. Бұл ақшаға автомобиль көлігі мен электр энергетикасы мамандықтары бойынша білім алушылар үшін техникалық базамызды жаңартып жатырмыз.

Болашақ энергетиктерге қондырғыларды сәл күте тұру керек. Олар көп кешікпей әкелініп, орнатылады. Ал автомеханик және слесарь-жөндеуші мамандығының студенттері үшін бәрі дайын.

Шеберхана адам танымастай өзгерді дейді оқытушылар. Мұндай қондырғылардың көмегімен білім алушылар кәсібі үшін ең қажетті әрі маңызды деген практикалық машықтарды қалыптастыра алады. “Жигули” мен “Волга” мактеттерінің дәуірі өтті. Ең қызығы, колледж жабдықталған техника Петропавлдағы техникалық қызмет көрсету станцияларының бірде-бірінде әлі жоқ. Яғни, кәсіптік оқу ошағы болашақты ойлап отыр. Ерте ме, кеш пе замануи қондырғыларға станциялардың бәрі көшеді. Сонда түлектер олармен емін-еркін жұмыс істей алатын болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– “Жас маман” жобасы осы тұрғыда пайдалы. Биыл оған 4 колледжіміз ілікті. Оларға бөлінген қаражаттың бәрін қосқандағы сома – 1 млрд 200 млн теңге. Ақша толығымен материалдық-техникалық базаны жаңартуға жұмсалды. Бізде 25 колледж бар. Биыл 4-еуін, ал келесі жылы тағы 5-уін жаңғыртамыз.

Осы 5 орта кәсіптік оқу орнына 1,5 млрд теңге бөлінбек. Осылайша, ақырын жүріп, анық басып, кезең-кезеңмен колледжеріміздің бәрін заманға сай жабдықтаймыз деді облыс әкімі.

 

 

Саят Ермек