МТРА жаңалықтары

Kozybayev University-дің кей студенттері жатақханада тұрып оқиды

Бірнеше күннен соң жаңа оқу жылы басталады. Оған өңірдегі білім ұяларымен мен қоса, университет оқытушылары да дайындықтарын пысықтап қойды. Биыл жоғарғы медицина мектебі студенттерінен басқасының барлығы үйде отырып білім алмақ. Ал ақ халатты қыз-жігіттер зертханалық дәрістерді санитарлық талаптарды сақтай отыра оқу корпустарында өткізеді. Ол үшін арнайы кабинеттер әзірленген.

Ербол Исақаев – Kozybayev University ректорының міндетін атқарушы:

– Ал қашықтықтан білім алатын студенттер бұл жолы сабақты тек «Zoom»-да ғана емес, «Moodle» бағдарламасы арқылы оқиды. Өйткені, соңғы аталған қосымшаның көмегімен тапсырмаларды орындап, қайта жіберуге болады. Ең бастысы, тың дүние жоғары жылдамдықты интернетті қажет етпейді.

Десе де, өңірдегі шалғай ауылдарда интернет шала істемек түгіл, мүлдем жоқ деуге болады. Жоғарғы оқу орнының басшылығы алыс ауылдарда тұратын студенттер үшін тиімді деген шешімге келген. Яғни, оларға жатақханада тұрып, қашықтықтан білім алуға мүмкіндік беріліп отыр. Жатақханада тұру ақылы. Ай сайын әдеттегідей 10 мың теңгеден төлеу қажет.

Жанар Таласпаева – Kozybayev University академиялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы:

– Студенттер арасында сауалнама жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде 150-ге жуық студенттің интернет байланысы жоқ екені анықталды. Жатақханалар интернетке қосылған. Профилактикалық шаралар сақталған.

Биыл университеттің әскери кафедрасына студенттерді қабылдау уақыты да сәл кейінге шегерілген. Енді жігіттер жағы құжаттарды қыркүйектің 1-інен бастап 30-ына дейін тапсыра алады. Комиссиялық іріктеу жұмыстары қазанның басында өткізілмек.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек