Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің дамуына үлесін қосқан жандар марапатталды

Демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекеттің ең басты байлығы – адам мен оның өмірі, бостандығы. Бұл – Қазақстан Конституциясының ең бірінші бабынан алынған үзінді. Ата заңымыз қолданысқа 1995 жылы енгізілген болатын. Мемлекеттің басты құжаты әуелде 3 млн адам қатысқан 33 мың ұжымдық талқылаудан өтті. Отырыстардан кейін 30 мың өзгеріс енгізілді. Кейін де Конституцияның 55 бабы толықтырылып, жаңартылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалардың іске асырылуын қамтамасыз етіп, халықтың құқығын қорғап, қауіпсіздігін сақтаған – Конституция. Ата заңымыз қабылданған 1995 жылы еліміздегі, әлемдегі ахуал қиын болды. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер, барлығымыздың басымыздан өтті.

Тоқырау жылдары залда отырған аға буын өкілдерінің жақсы есінде. Жалақы жоқ, зейнетақы жоқ, тіпті, дүкендерде азық-түлік тапшы. Тұрғындар ол кезде қарапайым тұрақтылықты арман еткен болатын. Арман орындалды. Ендігі айқындалған мақсат – даму мен өркендеу ғана.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Алысқа кетпей-ақ биылғы жылды алып қарайтын болсақ, біздің облыс – республика көлемінде алдыңғы үш өңірлердің қатарында. Мысалы, инвестиция бойынша көш басындамыз. 175 млрд теңге инвестиция тартылды. Олардың 75 пайызы – жеке инвестиция.

Дамудың даңғыл жолына түскен теріскей өңіріндегі оң өзгерістерді Президент те байқаған сыңайлы. Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Құмар Ақсақаловты «Алтын барыс» төсбелгісімен марапаттады. Ал өңір жетекшісі бұл ортақ жетістік дейді. Сондықтан, бас құжатымыз – Ата заң күні қарсаңында өңірдің бірқатар еңбек ардагеріне мерейтойлық медальдар табысталды. Бұл марапат белгілі аграрий Геннадий Зенченконың кеудесінде жарқырап тұр. Аграрлық сала көшбасшыларының бірі пандемияның тап бергеніне қарамастан шаруашылығын дамытуды тоқтатпаған. Бұл еңбекқор азаматтың мемлекетке айтар алғысы зор. Ең алдымен агробизнеске көрсетіліп жатқан қолдау үшін.

Геннадий Зенченко, «Иван Зенченко» ЖШС директоры:

– Техника мен минералдық тыңайтқыштарды сатып алуға субсидия беріледі, сүт-тауарлы ферма ашамын, шетелден асыл тұқымды мал әкелемін деген шаруаларға да қаржылай қолдау молынан көрсетіледі. Бұл, әрине, қуантады.

Конституцияның ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында 9 солтүстікқазақстандық Құмар Ақсақаловтың қолынан награда алды.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова