МТРА жаңалықтары

Болат Жұмабеков 7 айды қорытындылады

Болат Жұмабеков халық арасында ең көп талқыланатын сұрақтардың бірі – автобус мәселесін тілге тиек етті. Шаһар басшысы қазіргі күні қалалық автобус паркін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Пандемияға байланысты біраз шаруа шегерілді, бірақ жұмыстар әлі жалғасуда дейді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Петропавлдың автобус паркі 100 жаңа көлікпен толығады. Олардың барлығына электронды жолақы төлеу жүйесін орнатамыз. Тиісті құжаттар жиналды, ақша бар. Енді бастаған ісімізді соңына дейін жеткізуге тырысамыз. Сұрақ жақын арада шешілуі тиіс. Сонымен қатар, қала ішіндегі кейбір маршруттарды өзгертеміз.

Әкімнің айтуынша қала іші көркейіп келеді. Жыл басынан бері мамандар 60 ауланы асфальттаған екен. Сондай-ақ, маусымның соңына дейін тағы 100 ауланы тегістейміз дейді. Білім беру саласына да тоқталды. Оқушылар жылы әрі жарық нысанда білім алулары үшін биыл қалада 8 мектеп күрделі жөндеуден өткен екен. Оған қазынадан 290 млн теңге жұмсалыпты. Оқу құралдары да жеткілікті мөлшерде жаңартылған.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл қала мектептеріне жаңа 225 мыңға жуық оқу құралы мен кітаптар сатып алынады. Пандемияға байланысты балалардың көбісі қашықтықтан оқиды. Сол себепті, білім ошақтарын 381 компьютермен қамтамасыз еттік. Оған 90 млн теңге қаржы жұмсалды. Сонымен қатар, биыл 3,5 мыңға жуық педагогтың жалақысын 25 пайызға өсірдік.

Қазіргі күні Петропавлда 1152 көппәтерлі және 15 мың жеке тұрғын үй бар. Кейбір ғимараттардың жасы жарты ғасырдан асып кеткен. Осы орайда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 32 квартал жаңаланады. Яғни, ескі үйлердің орнына зәулім нысандар тұрғызылмақ.

Вячеслав Лукин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Жас Өркен мен Қапай ықшам аудандары, Уәлиханов пен Жамбыл көшелерінде реновациялау жұмысын жүргіземіз. Жалпы, қаладағы жеке тұрғын үйлердің 80 пайызы тым ескі. Баспаналары сүрілген тұрғындарға жаңа қоныс беріледі.

Отырыс барысында қалада велосипед жолақтарын төсеу мәселесі де сөз болды. Бұл – қазір қоғамдағы жиі талқыланатын сауалдардың бірі. Мамандар бұл сұрақ алдағы уақытта жұмыс жоспарында болатынын жеткізді.

 

 

Бердимурат Баймухан