ҚоғамҚұрылыс

Явленкадағы оң өзгерістер

Суреттерде Явленкадағы жалғыз балабақшаның көктемдегі көрінісі. 70-ші жылғы ғимараттың қазіргі келбетімен салыстырғандағы айырмашылық жер мен көктей. Терезе-есіктер пластикке алмастырылған, шатыр да жаңа, қасбет те енді ерекше. Мұндай жөндеудің құны – 17 млн қазына қаржысы. Ақша “Ауыл – ел бесігі” бойынша бөлінген.

Жұмабике Усманова – “Балапан” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі, Явленка селосы, Есіл ауданы:

  – Терезелерден жел соғып тұратын. Жөндеу көрмегеніне біраз уақыт болды. Қазір барлығымыз қуанып отырмыз.

“Болашақ” – Есіл ауданы орталығындағы Жеңіс саябағының жаңа атауы. Атауы ғана емес, көне парк 75 жылдықтың қарсаңында жаңартылған. 8-млн-ға. Майдангерлердің есімі жазылған 5 тақташа орнатылды, кеспетас ауыстырылды, жаңадан тротуарлар жасалып, шамдар қойылып, қарағай отырғызылған. Ал Явленканың оңтүстігінде 3 қабатты үй салынып жатыр. Құрылыс қыркүйектің соңына дейін аяқталып, 27 пәтердің бәрі баспана кезегінде тұрған ауылдықтарға берілмек. Ең қызығы, соңғы рет село жолдары осыдан 47 жыл бұрын күрделі жөндеу көрген екен. Одан кейін ой-шұқырларды жамау шаруалары ғана атқарылыпты. Ал биыл ішкі жолдардың 3 шақырымына, нақтырақ бірнеше орталық көше мен кіреберіске тақтайдай тегіс асфальт төселген. 10 көшедегі 130 шам жарықдиодқа алмастырылған. Жергілікті әкім мұнымен тоқтап қалмаймыз деп отыр.

Мінайдар Тілеукин – Явленка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Келер жылға “Ауыл- ел бесігі” бағдарламасы бойынша 210 млн теңге бөлініп, тағы 4 шақырымға асфальт төсейміз деген жоспар бар. Осылайша, селоішілік жолдардың тең жартысы жаңартылмақ. Осы қарқынмен жалғастыратын болсақ, алдағы 2-3 жыл ішінде бұл мәселені толықтай шешеміз деп отырмыз. Ал жарықтандыру проблемасын біржақты ету үшін әлі 300-ге тарта шамды алмастыру керек.

Ауыл әкімінің сөзінше, тұрғындар өзгерістерді байқап, оң бағаларын беріп жатыр. Абаттандыруды жылдар бойы күткен явленкалықтар тарапынан қоғамдық бақылау мықты көрінеді. Қазір Есіл орталығында 6500-ге жуық адам тұрады. Маңыздысы – орталық сумен қамтуға қатысты сын жоқ. 2100-ден астам үйдің 1500-ға жуығы тіршілік нәрін баспаналарына тартып алған.

 

 

 

Саят Ермек