Мәдениет

Ата заңымызға – 25 жыл: онлайн көрме әзірленіп жатыр

Конституциямыздың тарихы тереңде жатыр. Тарихқа үңілсек, ол сонау Шыңғысханның “Жасақ” заңдар жинағынан бастау алады екен. Кейін Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы сияқты заң жинақтарымен жалғасады. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы, одан кейін барып 95-ші жылы жаңа Конституциямыз қабылданды.

Бауыржан Жүнісов – “Абылай хан резиденциясы” музей кешені тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің жетекшісі:

– Конституция бүгінде көпқырлы. Ол өзінің құндылығын дәлелдеді.Осы 25 жыл ішінде заңымызға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жалпы, Конституциямыз 4 рет өзгеріске ұшыраған.

Әуелде мәдениет ошағының мамандары мерекеге арнап ауқымды бағдарлама әзірлеген екен. Бірақ, елдегі жағдайға байланысты жоспарды өзгертуге тура келді. Қазір іс-шаралардың барлығы қашықтықтан өткізіліп жатыр. Дегенмен, музейге келушілер, әзірге, болмаса да тұрақты көрермендерінің саны артпаса, кеміген жоқ. Тұрақты тыңдаушыларына тарту ретінде музей ұжымы дәл тамыздың 30-ында таңғы 10-да онлайн көрме ұсынбақ.

Назгүл Бейсембина – “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:

– Көрмені халыққа ыңғайлы болсын деп онлайн форматта өткізіп жатырмыз. Инстаграм, Фейсбук парақшаларында, сайтымыз және youtube каналында онлайн көрме өткізіледі.

Мәдениет ошағының мамандары наурыз айынан бастап 90-ға жуық онлайн шара өткізген. Интернетке жүктеген еңбектері 5 мың қаралым жинаған екен.

 

Алтынай Қазиқан