Аптадағы маңызды жаңалықтар

Праймериздің әділ өтуі – қоғам белсенділерінің бақылауында

“Нұр Отан”-ның праймеризіне қатысудан үміттілерді тіркеу осымен екінші апта жүріп жатыр. Бас партия атынан депутат болғысы келетін жерлестердің қатарында заңгер Гүлбақша Мұсабаева, белсенді азаматтардың бірі Әлфараби Мыңбай, Закиржан Мамлютов, спортты серік еткен Ерік Мағамбетов бар. Бүгінге дейін облыс бойынша 614 кандидаттан өтініш түскен, 570-і тіркеуден өткен. Қызықты жайт – үміткерлердің жартысына жуығы – мұғалімдер. Ішкі сайлаудың мақсаты – партияның сапалық құрамын мейілінше жақсартып, халық сенімін арттыру.

Қазбек Майгельдинов – саясаттанушы:

– 20 жылдан астам уақыт бойы облыс, қала, аудандардағы мәслихаттарда сол баяғы депутаттар отыр. Олар бірінші кезекте де, екінші кезекте де келеді және орындары мызғымастай болып көрінеді халыққа. Қазіргі таңда депутаттардың 20 пайызы міндетті түрде 35-ке дейінгі жастар болуы керек, ал әйелдерде 30 пайыздық квота. Осылайша жастар мен әйелдерді елдегі саяси процесстерге тартып, елді басқаруға мүмкіндік беріліп отыр.

Біздің облыстық мәслихатта, мәселен, жасы 35-тен аспаған нұротандық бірде-бір депутат жоқ, ал әйелдердің үлесі небәрі 2 пайыз. Праймериз есігі елі, өңірі үшін жаны ашитын барша азаматқа ашық, тек жасы 20-дан асқан “Нұр Отан” мүшесі болса болғаны. Тіркеу тамыздың 29-ы тәмамдалмақ. Қызықтың көкесі сонда басталады. Әр үміткер дебатқа түседі, бағдарламасын қорғайды, “халық қалаулысы” атануға лайықты екендігін дәлелдейді. Партияішілік іріктеудің ашық өтуін “Нұр отан” жақтастарының лигасы бақыламақ. Бір ай бұрын құрылған тәуелсіз ұйымға – ел белсенділері мен азаматтық позициясы нық қоғам қайраткерлері мүше.

Қазбек Майгельдинов – саясаттанушы:

– Яғни, жер-жерде жақтастар лигасының мүшелері келіп, праймериздің өту барысына, үміткерлерге қысым жасалды ма, жергілікті әкімдіктер тарапынан тосқауыл қойылды ма – осы мәселелерді қоғамға ашық айтып, көрсетеді. Осылайша, праймериздің әділ өтуіне өз септігін тигізе алады.

Сайлаудың өзі қазанның 1-і мен 3-і аралығына белгіленген. Сайлайтындар – қатардағы нұротандықтар. Алайда, праймериздің мейілінше мөлдір өтуіне кедергі болатын факторлар жоқ емес. Мәселен, студенттер, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен бюджеттік сала мамандарын бас партияға мүшелікке өтуге мәжбүрлеу практикасының бары жасырын емес. Ертең белгілі бір кандидатқа дауыс бермесең, оқудан шығарамыз, жұмыстан қуамыз деген талаптардың қойылмасына кім кепіл?! Алайда, сайлаудың онлайн өтуі бұған жол бермеуі тиіс.

Қазбек Майгельдинов – саясаттанушы:

– Сіз бұрынғыдай бір адамның фамилиясына ғана белгі қоймайсыз. Егер сіздің ауданыңызда 19 үміткер болса, бір рет кіріп, олардың бәріне дауыс беруге құқығыңыз бар. Егер қасыңызға келіп, мынаны таңда десе, бәрін белгілей салуға болады. Егер оқудан шығарып жіберу сияқты мәселелер туындаса, лиганың басты мақсаты осындай нақты құқықбұзушылықтар мен ережебұзушылықтарды тіркеу.

Егер қысым көрсетілсе, манағы лига мүшелеріне әлеуметтік желілерде хабарлауға болады. Қажет болса, анонимдік сақталады. Праймериз барысында бұзушылықтың орын алғаны дәлелденсе, тәуелсіз бақылаушылар ішкі сайлаудың қайта өтуін талап етуге құқылы.

 

 

 

Саят Ермек