Қоғам

Петропавлда тағы бір нысан келбеті әрленді

Таулар мен құлдилай аққан сарқырама. Ботаникалық бақтың кіреберісіне жасыл желектен бөлек мынадай өнер туындысы көрік беріп тұр. Бұл жерден “Нептун” аквапаркі жалғасып кетеді. Сұрғылт кірпіштерден құралған биік қабырға қазір айрықша көз тартады. Бейнелеу өнерінің бұл түрі “мурал” деп аталады екен. Асаль Исса – қала қонағы. Қызылжарға Ресейден келіпті. Шаһарды аралай жүріп ботаникалық баққа бас сұққан екен. Мынадай жанды табиғат пен пейзаждың үйлесімі көңілге ерекше сезім сыйлайды дейді.

Асаль Исса:

 – Петропавлда соңғы рет 10 жыл бұрын болған едім. Қала гүлденген. Ботаникалық бақты, тіпті, танымай қалдым десе артық айтқандық емес. Бұл тек бақтың ғана емес, тұтас қаланың, өңірдің дамуын білдіреді.

Муралдың авторлары – көкшетаулық және павлодарлық суретшілер. Солардың бірі – Дәурен Ғалымжанов. Жас дарынның айтуынша беті тегістеліп, қабырғаға әбден сіңдірілген бояу кем дегенде 2 жыл өңін жоғалтпайды екен.

Дәурен Ғалымжанов – суретші:

– Негізі, бұл жерде Абылай Сүлейменов және Алмаз Шарапов деген жолдастарыммен бірге еңбектендік. Суреттің идеясы мен концепциясын 1 күннің ішінде ойластырып, суреттің өзін салуға 6 күн арнадық. 400 шаршы метр аумаққа 150 келі акрил бояуы жұмсалды.

Әсіресе, шетелде кеңінен таралған мурал өнерін жастар Қазақстанда биылдан меңгеріп жүр. Өнерлі жігіттер Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларында және тіпті, Бурабайда 20-ға жуық нысан келбетін әрлеген екен. Қайырымдылық жобаларға да қатысыпты. Талантты жастар ерке Есілдің бойында орналасқан Қызылжарға бұл туындыларын тарту ретінде ұсынып отыр.

 

 

 

 

Жанна Бисенова