МТРА жаңалықтарыҚоғам

Мемлекеттік қызметтердің көбін онлайн алуға болады

Зейнетақы мен жәрдемақы түрлерін тағайындау. Бұл міндет Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлік департаментіне жүктелген. Ведомство солтүстікқазақстандықтарға 13 бірдей қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде тек біреуін алу үшін құжаттарды департаменттің мамандарына тапсырып, рәсімдеу керек екен. Ал қалғандары – цифрландырылған. Яғни, 12-сін онлайн түрде алу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Жіті тоқталар болсақ. Жерлеуге арналған біржолғы төлем, «Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне жәрдемақы тағайындау сынды 7 қызметке электрондық үкімет порталы арқылы қол жеткізу мүмкіндігі бар. Өзге 5-еуі автоматты түрде көрсетіледі. Оны алу үшін ешбір мемлекеттік органға арыз, өтініш жазудың керегі жоқ.

Мереке Мұхамедияров – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 5 қызметті проактивті түрде алуға болады, бұл баланың тууына байланысты, зейнетақы жарналарына мемлекеттік кепілдік төлеу, мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындау. Қызметті пайдалану үшін мобильді азаматтардың деректер базасында тіркелу керек, содан кейін бала туылған кезде, мүгедектік берілген кезде немесе асыраушысынан айырылған жағдайда ұялы телефонға жәрдемақы тағайындау туралы хабарлама жіберіледі.

Қызметтерді мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмай, үйден, не жұмыстан шықпай-ақ алуға болады. Департамент мамандарының жүктемесін азайтып, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай туғызу үшін композиттік қызметтер де көрсетіледі.

Мереке Мұхамедияров – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Зейнеткерлік жасқа жеткен кезде композиттік қызмет 4 қызметті – «бір өтінім» қағидаты бойынша жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорынан (БЖЗҚ-дан) төленетін зейнетақы төлемдерін және зейнетақы жарналарына мемлекеттік кепілдіктерді тағайындауды қамтиды.

Жыл басынан департамент 14200-ден аса мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Солтүстікқазақстандықтар денін қағаз жүзінде алуды жөн көрген. Тек 2 мыңнан аса тұрғынға жәрдемақы түрлері электрондық форматта тағайындалған.

 

 

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова