Білім

Құмар Ақсақалов жаңа салынған мектеппен танысты

Қаладағы мына №6 мектептің ұл-қыздары бұрын 3 ауысыммен оқитын. Сыныптар саны жетіспей, ғимараттың іші тар болды. Сәйкесінше оқушыларға сабақтан кейін қосымша білім алуға мүмкіндік туған жоқ. Бұл балалар мен ұстаздарға біраз ыңғайсыздық тудырды. Мектептің өзі де тым ескі. Нысан сонау 37-ші жылдары тұрғызылыпты. Сол себепті, жергілікті билік 2017 жылы білім ошағының ғимаратын ауыстыруды шешкен.

Ал бұл – осы мектептің жаңа келбеті. Нақтырақ айтсақ, су жаңа тұрғызылған нысан. Енді 4 күннен кейін мұндағы парталарға ұл-қыздар жайғаспақ. Бүгін атқарылған шаруамен және жаңа мектептегі жағдаймен танысуға өңір басшысы Құмар Ақсақалов келді.

Жаңа мектептің іші жарық, жылы, кең. Сыныптар балалардың сапалы білім алулары үшін барлық заман игіліктерімен жабдықталған. Және әр кабинетке интерактивті тақта орнатылыпты.

Толқын Рақымжанова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Мұнда пернетақтаны қолдануға болады. Тақтаның тағы бір ерекшелігі оқушы мұнда саусақпен жаза алады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысынң әкімі:

– Мұндай құралдарды те қана Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше жыл бұрын орталық мемлекеттік органдарда көрген едім. Сол жылдары онымен өзім де жұмыс жасап көрдім. Өте қызық болды. Міне, енді заман игілігі мектептерімізде де орнатылып жатыр. Бұл өте жақсы.

Бұрынғы мектепте 600 бала оқыды, ал білім ошағының өзі тек 200 орынға ғана шақталған болатын. Ал жаңа салынған ғимарат енді бір уақытта 900 оқушыға дейін қабылдай алады. Сәйкесінше балаларға 1 ауысымда ғана оқуға мүмкіндік туады.

Сайран Мұстафина – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің директоры:

– Бұл мектепте балалар бір кезекте оқитын болады. Ал екінші кезекті оларға қосымша білім беруге қолданатын боламыз.

Спортзал да зәулім қылып тұрғызылған екен. Жеткіншектердің зеректігін арттыратын ойын құралдарымен жабдықталыпты. Бәрі – ұстаздар қауымы мен оқушылар армандағандай.

– Мектеп кең, сыртта да футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар. Іште киім ауыстыру және жуыну бөлмесі қарастырылған.

Облыста мектепке баратын балалардың саны жылдан жылға артып келеді. Ал ғимараттар болса уақыт өткен сайын ескіруде. Мәселен, биыл 9 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Сол себепті, өңірде жаңа білім нысандары тұрғызылып, тозғандары қайта қалыпқа келтірілуде. Былтырдың өзінде облысымызда 142 мектеп жөндеу көрген екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 142 мектеп жаңарса, биыл 107 білім ошағы жөнделді. Осылайша, 2 жыл ішінде біз өңір мектептерінің жартысын жаңарттық. Бүкіл мектептер бейнебақылаумен қамтамасыз етілді. Мектептердің көлік паркі 43 автобуспен жаңарды.

Айта кеткен жөн, пандемияға байланысты жоғары сынып оқушылары қашықтықтан оқиды. Сол себепті, балаларға компьютер қажет. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бұл мәселені де алдын ала ойластырып қойған. Биыл қыркүйектің 1-іне дейін өңір мектептеріне жергілікті Киров атындағы зауытта жиналған 2 мың компьютер жеткізіледі.

 

 

 

Бердимурат Баймухан