Білім

Өңірде “Мектепке жол” акциясы өтуде

Отбасылық үлгідегі балалар ауылы 20 жыл бұрын құрылған. Бүгінде мұнда 6 мен 18 жас аралығындағы 39 бала тұрады. Әр жасөспірімнің оқиғасы әр түрлі. Ұл-қыздар бастан кешкен қиындықтарға мойынұсынбай дәл осы жерде жаңа өмір бастайды, құрбы-достарын табады, сүйікті істерімен айналысады. Жанұяда көре алмаған жылуды осы жерден алуға тырысады. Ағалы-қарындас Роман мен Вероника мұнда 4 жыл бұрын келіпті. Кішкентай ғана жүректерімен бір-біріне алаңдай ма белгісіз, әйтеуір қайда жүрсе де бір-бірінен алшақтамайды екен.

Вероника Морозова – Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

– Менің жасым 12-де. Ал ағам биыл 14-ке толды. Роман баскетбол ойнағанды ұнатады. Ал мен гүлдерге су құйып, баптап-күткенді жаным сүйеді. Бос уақытымызда кітап оқып, теледидар көреміз. Үйдің жұмыстарымен айналысамыз.

Балалардың армандары асқақ. Ағасы – баскетболдан жаттықтырушы, ал қарындасы аспаз болуды алдына мақсат етіп қойған екен.

Гүлсипат Найманова – Отбасылық үлгідегі балалар ауылы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Балалар 18 жасқа дейін осында тұрады. Одан соң оқуға түседі. Биыл 9 бірдей түлегіміз Борки кентіндегі колледждің студенті атанды.

Кәмелет жасқа толғандары үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Ал кішілері жаңа оқу жылына әзірліктерін пысықтап қойыпты. Әрқайсысына бір-бірден телефон мен компьютерлер табыс етілген. Нұр үстіне нұр демекші, міне, жүрегі – мейірімге, қолы сыйлыққа толы жандар келіп, ұл-қыздарды қуантты.

Данил Вигерич – Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

– Мұнда адамдар жиі келіп, бізге сыйлықтарын табыс етіп кетеді. Бұл жолы маған мектепке арналған сөмке берді. Қуанышымда шек жоқ.

Сөмке, фотоальбом, қағаз бен қалам. Мемлекеттік қызметшілер сабаққа қажетті дүниелерден бөлек, молынан балмұздақ табыс етіп, балаларды мәз-мейрам қылды. Игі іс «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында жүзеге асырылып отыр.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Балаларға қуаныш сыйлап, қолдау көрсету – әрқайсысымыздың міндетіміз. Еліміздің болашағы – осы жастардың қолында. Ұл-қыздар ешқашан өздерін жалғыз сезінбеулері қажет. Ол үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға дайынбыз.

Өңірде «Мектепке жол» акциясы тамыздың 30-ына дейін жалғаспақ.

 

 

Маржан Касымбек