Денсаулық сақтау

Биыл СҚО 42 жас дәрігермен толықты

Сәния Кусумбаева – Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің биылғы түлегі. 25 жастағы нәзікжанды 7 жыл бойы білім алған. Алдымен 5 жыл – бакалавриатта және 2 жыл интернатурада оқыпты. Соңғы 2 жылдық тәжірибесін Петропавлдағы 3-ші қалалық емханада өткен. Оқуын аяқтағаннан кейін, еңбек жолын осында бастауды шешіпті. Енді жас маман аталған емханаға қарасты отбасы денсаулығы орталығында жалпы тәжірибедегі дәрігер болып жұмыс істейді.

Сәния Кусумбаева – 3-ші қалалық емханасы отбасы денсаулығы орталығының жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Мұнда жұмыс істеп жүргеніме 2 ай болды. Қызметім өзіме ұнайды. Әрине, аса жоғары жауапкершілікті талап етеді. Күніне 15 адамды қабылдаймын: үлкені де, кішісі де бар. Сонымен қатар, мобильдік бригада құрамында да шақыртуларға шығамын. Яғни коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеймін. Жалпы, менің қарауымда мың жарым адам бар.

Ал бұл кабинетте Азат Картаев есімді дәрігер өзінің кезекті қабылдауын жүргізуде. Ол да биыл ғана Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін тәмамдаған. Қолына дипломын ала сала жас маман туған қаласына қайта оралып, осында жалпы тәжірибедегі дәрігер болып қызмет етуде. Болашақта резидентураға оқуға түсіп, функционалдық диагностика дәрігері оқуын оқымақ ниетте екен.

Азат Картаев – 3-ші қалалық емханасы отбасы денсаулығы орталығының жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Бүгінде елімізде тар бейінді мамандар жетіспейді. Сондықтан, алдағы 3 жылда тәжірибе жинақтап, ары қарай білімімді арттырмақ ойым бар. Жалпы, мұнда жасалған жағдай ұнады. Ұжым жылы қарсы алды. Білмегенімізді үйретіп, көрсетіп жатады.

Жалпы, биыл 3-ші қалалық емхана 9 жас маманмен толығып отыр. Оның 2-уі отбасы денсаулығы орталығында еңбек етуде. 9 кадрдың барлығы – жалпы тәжірибедегі дәрігерлер. Дегенмен, аталған емханада маман жетіспеушілігі әлі де байқалады.

Фариза Ахметжанова – 3-ші қалалық емханасы отбасы денсаулығы орталығының бөлімше меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– 3-ші қалалық емханаға хирург, офтальмолог, кардиолог сынды дәрігерлер жетіспейді. Мамандарды резидентурада оқытып жатырмыз.

Сөз соңында айта кетейік, үстіміздегі жылы өңірдің денсаулық сақтау саласы 42 жас маманмен толыққан. Оның 15-і қаладағы медициналық мекемелерге орналасса, қалған 27 дәрігер аудандарда еңбек етуде.

 

 

 

Ешкенова Дана