Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жол сапасы – бақылауда

Бұл – республикалық маңызы бар “Мамлютка-Қостанай” трассасы. Дәл осы тас жол арқылы күніне жүздеген автокөлік қатынайды. Алайда, мұнда көптен бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Түйткілді мәселе биыл шешімін табуда. Үстіміздегі жылы аталған бағыттағы жолдың 15 шақырымына орташа жөндеу жүріп жатыр. Қызу шаруа мамырдың соңында басталған. Маңызды іске “Дорожник Ашық Аспан” серіктестігі жауапты. Мамандар жолды заманауи әдіспен қалыпқа келтіріп жатырмыз дейді.

Олег Варламов – “Дорожник Ашық Аспан” ЖШС өкілі:

– Алдымен асфальтті фрезерледік. Яғни, ескі жолдың қыртысын үгітіп, кейін оның үстіне қиыршық тас пен цемент төгіп бетондадық. Содан кейін жаңа асфальт төседік. Мұндай әдісті қолданып келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай мұндай жол кем дегенде 5 жылға дейін шыдас береді.

Нормаға сәйкес мұнда асфальттың қалыңдығы – 7, ал ені 2 жарым метр болуы тиіс. Талап қаншалықты дұрыс орындалып жатыр? Мұны “Сапалы жол” жобасының аясында мониторингілік топ өкілдері мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары келіп тексерді.

Әзірге, барлығы стандартқа сәйкес келеді. Қазір Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы филиалының қызметкерлері асфальт сынамасын сараптама жасау үшін алып жатыр. Нәтижесі 5 күнде дайын болады.

Мердігердің сөзінше қазіргі күні шаруаның 50 пайызға жуығы тындырылған екен. 15 шақырымнан аса жолды орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 741 млн теңге бағытталыпты. Маусымның соңында басталған шаруа қазанның соңында аяқталуы тиіс.

 

 

 

 

Ешкенова Дана