Білім

Тамыз кеңесі – 2020

Тамыз конференциясын биыл Оқушылар сарайы емес, облыстық әкімдіктің мәжіліс залы қабылдады. Барлығы маска мен қолғап киіп отыр. Санитарлық талап сондай. Өзгелері отырысты онлайн тамашалады. Оқу жылы 6 күннен кейін басталады. Алайда, биыл 1-ші сыныпқа баратын 8500 жерлес бүлдіршін үшін тарихта бірінші рет алғашқы қоңырау сыңғырламайды, салтанаттар өтпейді. Өлкедегі 477 мектептің 75 пайызы, ал бұл – 51 мың оқушы, сабақты онлайн оқымақ. Тек ардагер ұстаздар алаңдаулы.

Ботагөз Ғалиева – педагогикалық еңбек ардагері:

– Сабақ кезінде балалар әлеуметтендіріледі. Құрбы-құрдастармен қарым-қатынасты түзейді. Қоғамдық жұмыстарға араласады. Сабақ – балалардың дамуына көмектеседі. Қазір мұндай заманда балалар үйде отырғаны қиын.

Қанша дегенмен, қашықтықтан білім алу – мәжбүрлі шара. Десе де, бала саны аз 336 мектепте оқыту штаттық режимде жүргізіледі, ал бағдарламаны өздігінен меңгере алмайтын бастауыш буын үшін өңір бойынша 2 мың кезекші сынып ашылмақ. 2 ауысым, бір сыныпта 15 оқушыдан артық отырмауы тиіс. Мектептеріміз 14 мың жаңа компьютермен толықпақ. Техниканың дені аз қамтылған, жетім оқушы-балаларға уақытша пайдалануға беріледі. Ал ауылды жерден келіп отырған педагогтар шалғайда интернет сапасының төмендігін алға тартты.

Сапура Қаленова – Сәбит негізгі орта мектебінің директоры, Жамбыл ауданы:

– Интернет жылдамдығы нашар, шалғай орналасқандықтан. Әкімдік интернет жүйесін жақсартуға қол ұшын берсе екен деп ойлаймыз.

Жиында, негізінен білім беру саласын күтіп тұрған өзгерістер кеңінен сөз болды. Петропавл мектептерінде жан басына қаржыландыру жүйесі ендірілмек. Яғни, мемлекет әр оқушы үшін ақша бөліп, білім ұясының бюджеті бала санына байланысты болады. Бұл
оқу ошақтарының қаржылай мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс. Сондай-ақ, енді бала оқыту сынды жауапты мамандыққа енді екінің бірі түсе алмайды. Мұғалімдік кәсіп аламын дейтін талапкерлер ҰБТ-да кем дегенде 70 бал жинаулары керек. Басшыларға қатысты талап та қатаңдатылды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінің басшыларына қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Енді директорлар мен олардың орынбасарлары бөлек аттестациялаудан өтетін болады. Осылайша, олардың лауазымдарына сай-сай еместігі ұдайы тексеріліп отырады. Басшылардың жалақылары да осы тексерістің нәтижелеріне тікелей тәуелді болады.

3 жаңа мектеп бой көтереді, басқалары жөнделіп жатыр, бейнекамералар мен автобустар тағы бар, университетке жатақханалар мен жаңа корпус салынуда. Оң өзгерістерді дәстүрлі жиында облыс әкімі тағы да еске салды. Бірақ, ең негізгісі – ауылдарда мұғалім тапшылығы мәселесі жойылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша соңғы 5 жылда 1 жарым мың педагог ауылға көшті. 250 ұстаз жеңілдікпен несие рәсімдеп, үй алды. Ал “Серпін” бағдарламасының 100 түлегі биыл селоларға жіберілді. Сондай-ақ, “Еңбек” бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерден қоныс аударған азаматтардың арасында да мұғалімдер баршылық.

Әкімнің сөзінше, барлық үстемеақыларды қоса алғанда 1-ші санатты ауыл ұстазы айына 245 мың теңге жалақы алады. Ал қалалық жерде жұмыс істеп жүрген жерлес педагогтар үшін Құмар Ақсақалов жағымды жаңалық айтты. Пәтерсіз жүргендеріне келер жылдан бастап баспаналы болу жеңілдей түспек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2021 жылы бюджеттен қосымша 250 млн теңге бөліп, білім беру саласының қызметкерлеріне 1 млн теңгенің сертификаттарын беретін боламыз. Бұл қаражатты алғашқы жарна ретінде салып, ипотекаға пәтер алу мүмкіндігі туады. Бұл қалада еңбек етіп жүрген педагог мамандар үшін үлкен қолдау болмақ.

Дәстүрлі тамыз конференциясы дәстүрге сай марапаттау рәсімімен тәмамдалды. Саланың тұтқасын ұстаған жерлес мұғалімдердің бірқатары медаль, төсбелгі, грамота, алғыс хаттарын алды. Ал Тайыншадағы №2 орта мектеп өлкенің үздік білім беру ұйымы атанды. Оқу ошағына 34 млн теңге сыйланды.

Саят Ермек