Денсаулық сақтау

Шілде айынан бастап жүргізген мониторинг нәтижесі белгілі болды

Антикор орталығының мониторингілік топ өкілдері шілде айынан бастап медициналық мекемелерге бақылау жүргізген болатын. Мамандар науқастардың жағдайын біліп, дәрі-дәрмектің дәріханаларға уақытылы жеткізілуі мен олардың бағасын қадағалады. Айтуларынша қазіргі күні коронавируспен ауыру жағдайлары өткен аптамен салыстырғанда 2 есеге азайған. Яғни, инфекциялық стационарда 470 орынның – 25 пайызы, ал провизорлықта 935 орынның 30 пайызға жуығы ғана қамтылған.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Коронавирустық инфекцияның жаңа толқыны туындаған жағдайда жалпы 3400 төсек-орынды орналастыруға мүмкіндік бар. Медициналық ұйымдарда ЖҚҚ-ның жеткілікті қоры құрылды.

Қауіпті індетпен күресіп, өз өмірін қатерге тігіп жүрген ақхалаттыларымыз да назардан тыс қалған жоқ. Абзал жандардың толық мөлшерде және уақытылы жалақы алуларын да мониторингілік топ өкілдері қадағалаған екен. Айтуларынша инфекцияға шалдығу деңгейі күрт жоғарылаған кездері өңір бойынша 2 жарым мыңнан астам медициналық қызметкер жұмыс жасапты. Олардың барлығына үстемеақы толыққанды төленген.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Күн сайын дәрі-дәрмектердің бағасы мен бар болуына мониторинг жүргізіледі. Дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде проблемалар жоқ. Бүгінгі күні стационарларда айлық қор бар.

Мамандар сұранысқа ие 12 дәрі бойынша айлық қор қалыптастыру үшін «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы дәрілік қор құрыпты. Алдағы уақытта демеушілік қаражат есебінен препараттар ауылдық жерлерге жеткізілетін болады. Айта кеткен жөн, өңірдегі дәріханаларда 2 ай бойы жүргізілген мониторингілік шараның нәтижесінде бірнеше әкімшілік құқықбұзушылық анықталған көрінеді. Мамандар айыпты тұлғаларға 2 млн 35 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

 

 

Бердимурат Баймухан