Ауыл шаруашылығы

Мағжан Жұмабаев ауданында астықтың 30%-ы орылған

Биыл көктем ерте келіп, күн шуағын молынан шашты. Жергілікті диқандар да егін егу жұмыстарын ойдағыдай аяқтады. Алайда, маусымның басы жаңбырлы болғанымен, шілденің соңына дейін 1 тамшы жауын жаумады. Енді астықты жинар кезде ауа райы құбылып тұр. Қайта-қайта нөсерлетіп, диқандарға біраз қолайсыздықтар тудыруда.

«Полудинское» серіктестігі әр жылы күнді өз пайдасына жаратуда. Агроқұрылым бидай жинауды 2 апта бұрын бастаған екен.

Эльдар Омаров – «Полудинское» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Өткен жылы әр гектардан 19 центнерден астық жинаған едік. Алайда, биыл жазда алқаптың бір бөлігі қурап кетті. Салдарынан қазір гектарынан небәрі 12-16 центнерден ырыздық бастырылуда. Егістіктің ортасына қарай көрсеткіш жақсарады деп үміттеніп отырмыз.

Дәл қазір аумағы 10 мың гектарды құрайтын бидай алқабында 17 бірдей техника жүйткіп жүр. Комбайндардардың екеуін кәсіпкер жылдың басында сатып алған. Акрос 550 Ресейден әкелінген екен. Қос техниканың әрқайсысына еріктестік иесі 50 млн теңгеден жұмсапты. Су жаңа ауыл шаруашылығы көліктерінің бірін Евгений Биллер тізгіндеген. Еңбекқор азаматтың осы шаруашылықта тер төгіп жүргеніне 16 жыл толыпты.

Евгений Биллер – «Полудинское» ЖШС механизаторы, М.Жұмабаев ауданы:

– Осы уақыт аралығында талай техниканы тізгіндеп көрдім. 10 жылдан бері комбайн жүргізіп жүрмін. Бұл жолғысы көңілімнен шықты. Бұрынғыларының қатты дыбысы мазаны алатын. Ал қазіргі техниканың ішінде отырып, сырттағы шуды естімейсің.

Мамандардың айтуынша гектар шығымдылығы сәл кемігенімен, жекелей алғанда әр бидай құрамының сапасы жақсы көрінеді. Яғни, балауыз деңгейі 22 пайыз көлемінде.
Жалпы, биыл М.Жұмабаев ауданында тұқым 400 мың гектар жерге себілген. Оның 290 мыңы – дәнді, ал қалғаны майлы дақылдарға тиесілі.

Павел Закорчемный – М.Жұмабаев аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы:

– Жаз айларының ыстық әрі құрғақ болуы астыққа кері әсерін тигізбей қоймады. Кейбір аграрийлердің біраз жері құрғап қалды. Қазір кәсіпкерлер қолда бар өнімді жинап-теруге кірісіп кетті. Әр гектардан орта есеппен 11-15 центерден астық алынуда.

Күн жылы қабағын танытса М.Жұмабаев ауданында астықты жиып-теру жұмыстары қыркүйектің ортасына дейін аяқталмақ.

 

Маржан Касымбек