Білім

Жаңа оқу жылына – жаңа оқулықтар

Математика, информатика, биология, тағысын тағы. Қорап-қорап кітаптар. Н.К. Крупская атындағы №10 орта мектебі де өзге білім ошақтары секілді жаңа оқулықтармен толығып жатыр. Кітапханашы Гульфира Хайбуллинаның айтуынша биыл ұл-қыздар оқу құралдарымен 100 пайызға қамтылады.

Гульфира Хайбуллина – Н.К. Крупская атындағы №10 орта мектебінің кітапхана меңгерушісія:

– Оқушылар кітаптардың барлығын 1-ші қыркүйекке дейін қолдарына алады. Оқу құралдары жеткілікті. Мектепте бала саны жылда артатындықтан, кітаптарға қосымша тапсырыс беріп тұрамыз. Биыл көбіне бастауыш пен 11-ші сыныптың оқулықтары жаңартылды.

Былтырлары 6,7,8-сынып оқулықтарының мазмұны өзгеріске ұшыраса, үстіміздегі жылы 11-сыныпқа арналған кітаптар жаңартылыпты. Ал орта буынның информатика оқулығы қайта басып шығарылған.

Айнұр Сүйіндікова – Петропавл қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

– Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларына арналған дәптерлер мен мектепалды сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешен толыққанды сатып алынды. Кітаптардың дені Алматы, Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларынан жеткізіліп жатыр. Жалпы, 19 баспамен келісім жасалды. Бұл – “Алматыкітап”, “Атамұра”, “Келешек-2030” және тағы басқалары.

Жалпы, облыс бойынша 2020-2021 оқу жылында жаңартылған білім бағдарламасына ауысатын сыныптар үшін 331 млн теңгенің оқулығы сатып алынған. Кітаптардың барлығы мектептерге тамыздың 26-сына дейін толық жеткізілмек.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана