Құқық қорғау органдары

СҚО полицейлері жүргізушіге шабуыл жасап, дүкенді тонаған қылмыскерлерді ұстады

Жамбыл ауданында көлік жүргізушісі мен ауыл дүкенін тонады деген күдікпен 35 және 28 жастағы екі жігіт ұсталды. Оқиға тамыздың 20-сы болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жолдастар Пресновкадан шыққан Жигули тізгініндегі азаматтан көрші ауылға апарып тастауды өтінген. Көлікке отыра сала жүргізушіге қоқан-лоқы көрсетіп, телефоны мен машинаның кілтін тартып алған.

Тәртіп сақшылары Жигули мен оның 65 жастағы иесін Новорыбинка және Миролюбово ауылдарының арасында, жолдың шетінде тауып алады. Сөйтсе, рөлге отырған қаскөйлердің бірі көлікті басқара алмай жолдан шығып кетсе керек. Кейін жәбірленушіні оқиға орнында қалдырып, өздері өтіп бара жатқан көліктердің бірімен кетіп қалған. Қарақшылар мұнымен тоқтай қоймаған. Олар Кладбинка селосына барып, 47 жастағы сатушыға шабуыл жасапты. Дүкен кассасынан 44 400 теңгені қолды қылып, ізін суытқан. Аудан полицейлері қос күдіктіні ауыл шетінде ішімдік ішіп отырған жерінен тапқан. Екеуі де – Жамбыл ауданындағы Троицкое селосының тұрғындары. Олардың бұрын да түрлі қылмыс жасағаны үшін сотталғандары анықталды. Қазір қаскөйлер – қамауда.

 

Алтынай Қазиқан