Құрылыс

Петропавлда 200 орындық инфекциялық аурухана салынып жатыр

Петропавлда 200 орындық инфекциялық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Істі елордалық компания атқаруда. Мамандар нысанды қыркүйектің соңында тапсырамыз дейді. Бұған дейін мұндай тез тұрғызылатын инфекциялық аурухананы құрылысшылар тек Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте ғана салған екен.

Бұл орында алдағы уақытта инфекциялық аурухана болады. Шаруа тамыз айының басында басталып кеткен. Құрылыстық аумағы 8 мың шаршы метрден асады. Мердігер компания өкілі Олжас Қуатовтың айтуынша мұндай тез тұрғызылатын инфекциялық аурухананы олар еліміздің 3 қаласында салыпты.

Олжас Қуатов – «KAZPACO» ЖШС диспетчері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Инфекциялық аурухана тұрғызуда біраз тәжірибеміз бар. Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында салған едік. 4-шісін Петропавлда тұрғызып жатырмыз. Қазіргі күні нысанда 200 адам еңбектенуде. Олардың тең жартысынан астамы – жергілікті азаматтар.

Ғимараттың қаңқасы тез көтеріледі екен. Ол үшін құрылысшылар бетоннан құйылған дайын модульді блоктарды қолданамыз дейді. Жұмысшы саны да өседі. Алдағы уақытта мұнда 500 адам еңбектенетін болады.

Арман Ғизатов – «KAZPACO» ЖШС геодезисі, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бетон құйылып болған соң сырты қапталып, фасадпен жабылады. А, Б, С блоктарының бәрін солай жасап шығамыз.

Аурухана 2 айда дайын болады. Тамызда басталған шаруа қыркүйектің соңында тапсырылады. Мамандар құрылыс біткен соң нысанның сыртын да абаттандыруды көздеп отырмыз дейді.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан