МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік органдар сыртқы және ішкі талдау жүргізулері тиіс

Әр мемлекеттік орган сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға байланысты ішкі және сыртқы талдау жүргізулері қажет. Сондай-ақ, бұл шаруаны мамандар жыл соңына дейін атқарулары тиіс. Бұл жаңашылдық бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алу мен жоюда оң нәтиже береді екен. Осыған орай әр басшы аталған жұмысқа аса жауапкершілікпен қарауы міндетті. Бұл туралы бүгін өңірлік “Антикор” орталығының өкілдері онлайн брифингіде мәлімдеді.

Ел экономикасы мен дамуын артқа тартатын басты жау – бұл бармақ бастылық пен көз қыстылық. Қазынадағы қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін бұл қауіпті індетпен күресті әр мемлекеттік орган өздері де белсенді жүргізулері тиіс. Осыған орай өңірлік сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті өкілдері жыл басынан бері 9 мемлекеттік органда сыртқы талдау жүргіздік дейді. Оның ішінде 5-уі орталық аппараттың тапсырмасы бойынша болса, қалғаны 4-уі мемлекеттік органдардың өз бастамасы арқылы іске асқан.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Қазіргі уақытта кәсіпкерлік және индустриялық инновациялық даму басқармасында талдау жүргізілуде. Айта кету керек, осы жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл бағытта белсенді жұмыс байқалмайды.

Жыл соңына дейін әр орган өз мекемесінде сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға байланысты сыртқы немесе ішкі талдау жүргізулері тиіс. Жыл басынан бері мұндай жұмысты тек 3-4 ведомство атқарған екен. Бұл өте аз дейді мамандар.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Ішкі талдау жүргізу үшін оған орган басшысының өзі немқұрайлы қарамауы тиіс және ол жұмысты басқа мамандарға тапсыра салуға болмайды. Себебі, ол маман басқа бөлімдердің жұмысын толық білмеуі мүмкін.

Бір сөзбен айтқанда әр басшы өзі басқарып отырған органда жемқорлық фактілерін анықтау, әріптестерінің арасында онымен күрес жүргізу мәдениетін қалыптастыруда жауапты болуы тиіс. Сол кезде талдау жұмыстары нәтижелі әрі тез жүзеге асады. Осыған орай бармақ басты, көз қыстылық жағдайы анықталған жағдайда жеңіл жаза қарастырылуы мүмкін.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан