Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әкімдік отырысында жол жөндеу саласындағы проблемалар сөз болды

Бұл жолғы әкімдік отырысы кадрлық тағайындаудан басталды. 1 емес 3 бірдей ведомствода – жаңа басшы. Марат Оспанов – мемлекеттік еңбек инспекциясының, Рауза Қасенова – дін істері басқармасының, ал Асқар Қылышбеков жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тізніне келді. Қылышбеков мырза бұл отырысты мұқият тыңдады деген үміттеміз, өйткені қаузалған тақырып оның жаңа лауазымымен тікелей байланысты – жол жөндеу. Бұл маңызды шаруаға биыл бұрын-соңды бөлінбеген 37 млрд теңге бағытталған. Мұндай қаржыландыру трассалардың жағдайын біршама жақсартуға сеп болып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Айыртау 10 млрд 300 шақырым тек қана бір ауданда. М. Жұмабаев ауданы (6,7 млрд 154 шақырым. Г.Мусрепова 8,5 млрд 2020 км, Тимирязев 4,6 млрд 112, уалих 5,4 млрд 118 км).

Десе де, Кішкенекөл, Пресновка, Тимирязево мен Новоишимка селоларына жету әлі де қиын. Құмар Ақсақалов кезек оларға да келеді дейді. Аймақ басшысының сөзінше, елді мекендерге апарар жолдар ғана емес, олардың ішіндегі көшелер де назарсыз қалып жатқан жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2020-да ауылішілік 72 көшеге жаңадан асфальт төсеу үшін 6 млрд теңге бағытталған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп.

Бірақ, маңыздысы – қанша шақырымның жөндеу көргені емес, қалай жөнделгені. Мәселен, күллі облысқа әйгілі “Казфортис” Заградовкаға апарар жолды жүрдім-бардым жөндеген. Кейін Пресновка мен Қайранкөлді байланыстыратын трассаға ауысқан. Қос жағдайда да компания төсеген асфальт бір жылға да шыдамады. Жауапты басқарма олқылықтарды түзетіңдер деп еді, оны да жасамапты. Десе де, мердігер әлі күнге дейін қара тізімге енгізілмеген және жаңа тапсырыстарды белсенді қабылдап жатқан көрінеді.

Бұл заңды сұраққа жауаптылар соттасып жатырмыз деп жауап берді. Оң шешім қабылданса, “Казфортис” былықтардың бәрін қалыпқа келтіруге міндеттеліп, қара тізімге енгізіледі. Бірақ, қашан екені әзірге белгісіз, өйткені процестің бітер түрі жоқ. Құмар Ақсақалов кінәні жолдарға жауапты ведомствоға артып отыр. Мердігерлерді тым еркінсітіп жібердіңдер деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әр келісім шартта мердігердің міндеттері мен жауапкершілігі нақты жазылуы тиіс. Шала-пұла құрастыра салуды қойыңдар. Сапасыз жөндеді ме, өз қалтасынан қаржы шығарып, істі қайта атқаруы тиіс.

Сапасыздық – мәселенің бір жағы, екінші басты проблема – жүк көліктері. Әсіресе, орақ науқаны басталғалы алтын дәнді толтырып артқан ауыр машиналар өңір трассаларымен емін-еркін қатынап жүр. Мұндай жүктемеден кейін жолдар бүлінбегенде қайтсін?! Нормадан артық тиеп, асфальтты құртатын көліктерді тауып, тоқтатып, жазалау жағы ақсап тұр дейді аймақ басшысы. Себеп мынада – көліктік бақылау инспекциясында техника да, адам да жетіспейді. Таяқтың бір ұшы полиция мен аудан әкімдеріне де тиді.

Мәселені шешпекке облыс бойынша стационарлық бекеттерді орналастыру керек деген ұсыныс айтылды. Алайда, мұндай посттар қымбатқа түсейін деп тұр. Бір-біреуі 200 млн теңге тұрады. Облыс әкімі шенеуніктерге бөлек бас қосып, жүк көліктерінің қозғалысын бақылаудың оңтайлы жүйесін ойлап табуды тапсырды.

 

 

 

Саят Ермек