МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданының Арықбалық ауылы жаңа кейіпке енуде

Арықбалық – бұрынғы аудан орталығы, қазір болашағы зор елді мекендердің бірі. Мұнда 3 мыңға жуық адам тұрады. Ауылдағы ағайынның көшіп кетпей, осы жерде тұрақтап қалуы үшін тиісті жағдай жасау қажет. Селолықтардың проблемасы – сол баяғы тіршілік көзі, жарықтандыру мен айта-айта жауыр болған жол. Мәселелерді біржақты ету мақсатында аудан басшылығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында шаруаны бастап кетті. Бүгінде ауқымды істің басым бөлігі аяқталған. Мәселен, екі бірдей орталық көшеге асфальт төселіпті. Елді мекеннің жаңа кейіпке еніп жатқанына тұрғындар дән риза.

Анатолий Мигаль – Арықбалық ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Менің Арықбалықта тұрып жатқаныма 30 жылдай болды. Киров пен Элеваторная көшелеріндегі жолды «жол» деп айтуға келмейтін. Көліктерімізді де жиі жөндетіп жүрдік. Қазір оның барлығын ұмыттық. Асфальт тақтайдай тегіс.

Шаруаға қазынадан 177 млн теңге бөлініпті. Қаражаттың бір бөлігі көшелерді заманауи жарықтандыру жүйесімен қамтуға бағытталған. Енді орталық көшелерде түнгі уақытта да – жап-жарық. Маусым айында бастау алған ауқымды іс қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған.

Дархан Әмрин – Ауыртау ауданының әкімі:

– Алдағы уақытта тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуы үшін үлкен спорт алаңын орнатамыз. Жоба құны – 36 млн теңге. Мұнда ауылдағы ағайын футбол, баскетбол ойнап, жастар жағы воркаутпен шұғылдана алады. Тағы тренажер қою жоспарда бар. Ал бүлдіршіндер үшін заманауи балалалар алаңқайы қолданысқа беріледі.

Ауылды аббаттандыруға да биыл көп көңіл бөлінген. Қазір селодағы көшелердің бойына мынадай қоршаулар орнатылуда. Замануи дүние кемінде 5 жылдай қызмет етеді. Қоныс аударушыларға арналған баспаналардың орамы да осылай жасалмақ. Қазір өзге өңірлерден көшіп келетін ағайынға арналып 10 үй салынып жатыр.

Дархан Әмрин – Ауыртау ауданының әкімі:

– Биыл Арықбалық ауылында қазандық тұрғызылады. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың барлығын орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосамыз. Кейін барлық баспаналарды да қамтимыз. Таза ауыз су мәселесі де шешіледі. Сорғы станциясын кәсіпкерлердің біріне сенімді басқаруға тапсырамыз. Сөйтіп, судың сапасы жақсарады.

Саумалкөлдіктердің де тіршілік көзіне байланысты мәселесі біржақты етілуде. Аудан орталығында биыл су құбырларының құрылысы жүріп жатыр. Ал келесі жылы мұндай шаруа Айыртау ауылында бастау алады деп жоспарланған.

Эльмира Садвокасова