МТРА жаңалықтарыБілім

СҚО-ға Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман келді

Береке ықшам ауданындағы бұл мектеп осыдан тура 1 жыл бұрын қолданысқа берілді. Бүгінде мұнда 500-ден астам оқушы білім алады. Биыл тағы 63 балғын оқу ұясының табалдырығын аттамақ. Жаңа оқу жылына мектеп ұжымы әзірліктерін пысықтап қойыпты. Бастауыш сыныптың ұл-қыздарына арнап 10 кезекшілік кабинет те дайындалған.

Сәуле Тұрсынова – №25 орта мектебінің директоры:

– Бастауыш сыныптардағы 256 баланың 23-і қашықтықтан оқуды таңдады. Дәрісті мектепте өткізетін ұл-қыздарға жағдай жасалынды. Әр қабатта антисептик ілінді. 1500 маска сатып алынды.

Нұр-Сұлтаннан арнайы ат терлетіп келген Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман мектептегі әр кабинетке кіріп, санитарлық талаптар сақталған ба – соны байқады. Одан соң қашықтықтан білім алатын балаларға қандай жағдай жасалып отыр? Мұның да жауабын алды. Мектеп басшылығы сабақты үйде отырып оқитын 17 оқушының әрқайсысына компьютер табыс еткен екен. Заман игілігін тағы 12 мұғалімге де беріпті.

Кәрібай Мұсырман – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Берекеліктерге көптен арман болған мектепті көріп қуанып тұрмын. Дайындықтары жақсы екен. 27 балаға мектептің қаражаты есебінен модем тартылып, вай-фай қосылыпты. Оқушыларға оң пайдасы тиетін болды.

Парламент Мәжілісінің депутаты ертең Мамлют ауданына да баруды жоспарлап отыр. Ондағы Бексейіт мен Бостандық ауылдарындағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын бағамдамақ.

 

 

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек